Соңғы 7 жылда жасанды интеллект Қазақстанда экономиканың, білім берудің және өнеркәсіптің маңызды бөлігіне айналды. Еліміз берік цифрлық инфрақұрылым қалыптастырып, технологиялық дамудың жаңа кезеңіне өту үшін қажетті негіз қалады. Енді Қазақстан өз алдына бұдан да ауқымды мақсат қойып отыр. Ол қандай мақсат? Еліміздің цифрлық жолдағы аяқалысы қалай?
Еліміз электронды үкіметті дамыту бойынша БҰҰ-ның әлемдік рейтингінде 39-орыннан 24-орынға көтерілді. Ал онлайн мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі бойынша әлемнің үздік он елі қатарына енді. Бұл көрсеткіш елдегі цифрлық мемлекеттік қызметтердің, телекоммуникациялық инфрақұрылымның және цифрлық басқару жүйесінің даму деңгейін көрсетеді. Мемлекеттік қызметтердің 90,4%-ы электронды түрде көрсетіледі, ал 95,9%-ын смартфон арқылы алуға болады. Е Gov Mobile 7 жылда Қазақстанның негізгі цифрлық платформасына айналды. Қазақстанда eGov Mobile қосымшасын 13,2 миллионнан астам адам пайдаланады. Платформада 1100-ден астам мемлекеттік қызмет пен цифрлық сервис қолжетімді.
Досжан Мұсалиев, ҚР жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі:
- Қазақстанда 2019 жылы 80% қызметтер цифрландырылған болса қазіргі таңда 91% қызметтер цифрланған. Оған қоса IT экспорт та өсіп жатыр. 7 жыл бұрын Қазақстаннан шыққан IT экспорт 30 млн доллар ғана болса, ол қазір шамамен 40 есе өсті. 2025 жылдың нәтижесі бойынша IT экспорт 1 млрд доллардан асты. Ол үлкен жетістік.
Барлық қала ғаламтормен қамтылады
2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы үш жылда елді цифрлық даму бойынша көшбасшылар қатарына шығару мақсатын қойды. 2026 жылғы 6 қаңтарда 2026 жылы Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялау туралы Жарлыққа қол қойылды. Цифрландыру жылы аясында жаңа жобалар іске қосылуда. Мәселен, Астанада alem.ai Халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылды. Мемлекет басшысы 14 өңірде Tomorrow School жасанды интеллект мектептері желісінің жұмысын бастап берді және жасөспірімдерге арналған TUMO Astana креативті технологиялар орталығы ашылды. Сондай-ақ елді интернетпен қамту артып келеді.
- 2019 жылдары Қазақстанның 84% ғана қамтылған болса, 20 мсб басталған болатын, қазір орташа алған кезде 95 мбс жетті. Сонымен қоса 99% Қазақстанның елдімекендері бәрі интернетпен қамтылған. Енді спутниктік интернетті қоссақ дейміз. Жақында ғана Старлинг компаниялары лицензия алып отыр. Соған қосылсақ Қазақстанның бүкіл қалалары интернетпен қамтамасыз етіледі.
«Деректерді өңдеу алқабы» құрылады
Қазақстанда «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» құрылады. Жасанды интеллектіні дамытуға және цифрлық қызметтер экспортын арттыруға бағытталған Data Center Valley жобасы Екібастұзда іске асады.
Нысан қуатын кезең-кезеңімен 1 ГВт-қа дейін арттыру көзделген. Бірінші кезеңдегі 215 МВт қуат толық резервтелген. Жобаны дамытуға тартылатын инвестицияның жалпы көлемі шамамен 10 млрд долларға бағаланып отыр. Бастаманың экономикалық тиімділігі деректі өңдеу орталықтарын салумен ғана шектелмейді. Ол Қазақстан аумағынан жаһандық нейрожелі нарығына қызмет көрсетуге, отандық технологиялық компанияларды дамытуға, киберқауіпсіздік мамандары үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Авторлары: Құралай Жұмахан, Азамат Сәметов