Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы

Атырау облысында Жайық жағасын бекіту жұмыстары қарқын алды

  • 3
  • 05.11.2026, 18:19

Алға ауылының тұсындағы жұмыстар жақында аяқталады. Екі жыл бұрын тасқын кезінде ауданның 7 ауылына судан қауіп төнген еді. Осыдан кейін құны 34 млрд теңгеден асатын жоба жасалып, 4 ауылда өзен жағасын бойлай бетон бөгеттер қойыла бастады.

Алға ауылы Жайықтың жағасына тиіп тұр. 2024 жылғы тасқында ауылды су қоршап, үйлерге қауіп төнді. Бүгінде Алғаны қоршай ұзындығы 3,2 шақырым болатын бетоннан құйылған бөгет соғыла бастады. «Жаңа құрылыс барлық талапқа сай жүзеге асып жатыр», – дейді мердігер мекеме өкілі.

Орынғали Хасан, жоба жетекшісі:

- Бұл жерде біз ең алдымен Жайық өзенінің жағасына 960 дана сваи қақтық. Одан бөлек, шпунттар орнатылды. Одан кейін, өздеріңіз көріп отырғандай, Жайықтың жағалауына бетон жабынды төселіп жатыр. Оны «ростверк» деп атайды. Қазір осы ростверк құйылып жатыр.

Қазір құрылыс басында 5 арнайы техника, 3 тасымал көлігі және 20-дан астам адам еңбек етіп жатыр. Келісім бойынша олар келесі көктемге дейін жұмысты аяқтауы тиіс.

Арыстанбек Кенже, тілші:

– Бүгінде жаға бекіту жұмыстары Алға ауылында 70 пайызға аяқтала келді. Сондай-ақ осындай жұмыстар аудан орталығы – Махамбет селосы мен тағы да 2 елді мекенде жалғасып жатыр. Ол жұмыстар 2027 жылы аяқталады деп күтілуде.

Жайық өзені бойын жағалай қоныстанған Махамбет ауданында 9 ауылдық округ бар. 2 жыл бұрынғы нөпір тасқын кезінде 7 ауылға қауіп төнді. Осыған орай Үкіметтің қолдауымен 34 млрд теңге қаражат бөлініп, бөгет құрылысы қарқын алды. Қалған ауылдарда жұмыс жобаға сай жалғасады.

Асылхан Шәкімов, Махамбет аудандық ТҮКШ бөлім басшысы:

– Және де бізде Махамбет ауданы бойынша тағы да Еспол ауылы және Сарайшық ауылы, Сарытоғай микрорайонында жаға бекіту жұмыстары жоспарланып отыр. 3 жобаның қазіргі таңда жобалық құжаттары толықтай дайын. 2027 жылы облыстан қаржы сұратып, құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастаймыз деп жоспарлап отырмыз.

Жоба аясында келесі жылдың ортасына дейін Махамбет ауданы бойынша 15 шақырымдық бөгет құрылысы аяқталуы тиіс. Ал қалған 3 жоба қаражат бөлінуіне қарай жалғасады.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов