Жаңаөзен қаласындағы ауызсу тапшылығы мәселесі түбегейлі шешімін тапты. Бүгінде 160 мыңға жуық тұрғыны бар шаһарды «Кендірлі» тұщыту зауыты үздіксіз ауызсумен қамтамасыз етіп отыр. Тәулігіне 50 мың текше метр су өндіретін кәсіпорын биыл сәуір айында іске қосылды. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен жүзеге асқан ауқымды жоба қысқа мерзімде салынып біткен. Қазіргі таңда зауыт толық қуатында жұмыс істеп, қала тұрғындарын тіршілік нәрімен қамтамасыз етуде.
Кендірлі зауыты – Маңғыстауда ауызсу тапшылығын жоюға бағытталған ауқымды жобаның бірі. Кәсіпорын Каспий жағалауынан 730 метр қашықтағы жер астынан шыққан суды тұщытады. 11 метр тереңдіктен алынған тұзды су бірнеше кезеңді технологиялық сүзгілеуден өтеді. Құрамы пайдалы минералдармен байытылып, ішуге жарамды болады. Ауызсудың сапасына зертханалық сараптама тұрақты жүргізіледі.
Нұрболат Құлжанов, «Кендірлі» тұщыту зауытының технологі:
- Тазалау осы жерден басталады. Мына жерде бізде «DAF» деген қондырғымыз бар. Сол арқылы өтіп, осы зауыттың сыртында резервуарларымыз бар. Соларға жиналады. Одан әрі ультрасүзгілеу қондырғыларымыз бар, сол жерден өтеді. «Кері осмос» қондырғымыз бар, әрі қарай минералдау цехына барады.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен отандық мұнай-газ операторы салған тұщыту зауыты Жаңаөзенді, оған іргелес Рахат, Теңге және Қызылсай ауылын да сапалы ауызсумен қамтамасыз етіп отыр. Жаңа кәсіпорынның құрал-жабдығы Еуропа, АҚШ, Жапония және Қытайда өндірілген. Тоқсанға жуық маман 14 күндік жұмыс кестесімен қызмет атқарады. Барлығы да – жергілікті тұрғын.
Мақсат Ибағаров, «Кендірлі» тұщыту зауытының директоры:
- 2021 жылы қыркүйек айында Қазақстан Президентінің тапсырмасымен осындай су тұщыту зауыты салыну керек деп, ол мына Жаңаөзен қаласының су тапшылығы жабу керек деген мәселе болды. Қазіргі таңда ол іске асты. Біз сәуірде «Өзенинвест» мекемесімен келісімшартпен қостық. Жаңаөзен қаласында осы жылы ешқандай кестемен беру, суды тоқтату, су болмайтын кезі болған жоқ.
Зауыттан қалаға дейін магистральды су құбыры тартылып, «Жаңаөзен-Кендірлі» бағытындағы трассаға қосатын ұзындығы 40 шақырымдық қатқыл табанды жол төселген. Алдағы уақытта асфальт жабынды қабаты салынады. Жалпы осы айда Жаңаөзенге 8 мың текше метр ауызсу берілмек.
Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев