Қарағандыда жастардың кәсіпкерлік жобаларына қолдау көрсетіліп, үздік бастамалардың авторларына бір миллион теңгеден грант табысталды. Байқауды кәсіпкерлер палатасы биыл екінші жыл қатарынан ұйымдастырып отыр.
Биыл байқауға қатысуға 96 өтінім түскен. Қатысушылар әлеуметтік, экологиялық, ауыл шаруашылығы және өзге де салаларға қатысты тың жобаларын ұсынды. Қарағанды қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Лука Долидзе мен Андрей Лучер суға төгілген мұнай қалдықтарын анықтап, тазартуға арналған жүйе әзірледі. Ол ұшқышсыз ұшу аппараты, камера және компьютерлік бағдарлама көмегімен жұмыс істейді.
Андрей Лучер, жобаны әзірлеуші:
- Бастапқыда дрон камера мен арнайы сенсорлардың көмегімен су бетін шолып шығады. Сосын бағдарламалық жүйе алынған деректерді талдайды. Су бетінде мұнай төгілгені расталса, ластанған аймақтың нақты GPS координаттары белгіленеді.
Белгіленген аумаққа ұшқышсыз ұшу аппараты EcoSorb сорбентін тастайды. Ол мұнай қалдығын бойына сіңіріп алады. Оны оқушылар бұтақ пен жапырақтан алынған биокөмірге целлюлоза мен перлит қосу арқылы дайындаған.
Лука Долидзе, жобаны әзірлеуші:
– Біздің жобамыз қоршаған ортаның ластануын барынша азайтуға мүмкіндік береді. Жиналған мұнай қалдықтары қайта өңдеуге жіберіледі. Бұрыннан бар әдістерге қарағанда тазарту жұмысына кететін шығын да анағұрлым аз.
Әзірге бұл жоба – мектеп оқушыларының ізденісі болғанымен, болашақта жеке кәсіпке айналуы ықтимал тың бастама. Осындай ерекше жобаларын ұсынған жастар байқауына 96 өтінім түскен. Сарапшылар іріктеуінен кейін 61-і ақтық кезеңге өтті. Олардың қатарында агроөнеркәсіп кешені, жасанды интеллект, ақпараттық технологиялар, экология және өңдеу өнеркәсібіне қатысты ерекше жобалар бар.
Ерлан Қалиев, Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:
– Бұл кәсіпкерлердің бастамасымен жыл сайын өткізілетін байқау. Биыл екінші рет ұйымдастырылып отыр. Оған қатысушылар саны да артып келеді. Мақсатымыз – мектеп оқушылары мен жастардың өз идеяларын ашық жеткізуіне мүмкіндік беру, әрі ынталандыру.
Байқаудың ең жас жеңімпазы 12 жаста. Үздік шыққан 4 жеңімпазға бір миллион теңгеден берілді. Бұл қаражатты олар өз жобаларын жетілдіруге жұмсамақ.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков