Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы

Ақын Надежда Лушникова 86 жасында дүниеден өтті

  • 0
  • 09.11.2026, 18:20

Қазақтың қара өлеңі мен суырыпсалма айтыс өнеріне ғұмырын арнаған белгілі ақын Надежда Лушникова 86 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Қазақ топырағында өсіп-өнген сөз зергері үшін қазақ тілі жай ғана қарым-қатынас құралы емес, жыр жазып, елмен тілдескен ана тілі еді. Ақын жазба поэзияда да өз қолтаңбасын қалдырып, белгілі ақындардың мұрасын жинақтауға еңбек сіңірді

Надежда Лушникованың шығармашылық жолы өткен ғасырдың 50-жылдарынан басталды. Алғашқы өлеңдері 1958 жылы Қызылорда облыстық «Ленин жолы» газетінде жарияланған. Кейін алпысыншы жылдары айтыс өнері тұралап тұрған тұста осы өнердің бел ортасында жүрді. Өзге ұлт өкілі үшін қазақтың суырыпсалма өнеріне араласу оңай емес. Бірақ Надежда Андрейқызы мұны сөзбен емес, талантымен дәлелдеді. 

Ақынның өнерге деген ықыласы мен өлеңге құштарлығы өмір бойы толастаған емес. Ол шығармашылықты тек сахнамен шектемей, жазба поэзияда да жемісті еңбек етті. «Елім менің», «Көңіл хошы» атты жыр жинақтары жарық көрді. 

Надежда Лушникова, ақын (1940-2026жж.):

- Бәрін жинап қойып, шаршағанымды бір жарты сағатта басып, түнде бір рахатқа кіретінмін. Ол өлең жазу рахаты еді. Өлең құрау рахаты еді. Айтыскер ақынның өзге жазба ақындардан айырмашылығы миымыздың бір бұрышы ылғи сол өлеңге жұмыс жасап отырады екен. 

Надежда Андрейқызы Жамбылдың батасын алып, Бауыржан Момышұлының да ықыласына бөленген. Ақынның Қалдыбек Әліқұловпен сөз қағысқаны «Айтыс» фильміне енді. Бұл – оның өнер жолындағы ғана емес, қазақ айтысының тарихындағы да айрықша сәттердің бірі.

Серікзат Дүйсенғазы, айтыскер ақын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

- Ол кісінің феномендігі – ол кісінің халықтар достығына жасаған еңбегі. Қазақтың айтысында өте ондай оқиға сирек. Өзге ұлт өкілдерінің шығып айтысуы. Терме айтып жүрген кісілер бар, ән айтып жүргендер бар. Бірақ айтыс – ең қиын өнер. Айтысу үшін бүкіл болмысың, жан дүниең, әрбір тамырың, клеткаңа дейін қазақ болуы керек. Надежда апай бала кезінен қазақтың ортасында өскен. Жандүниесімен қазақ екенін дәлелдеп, қазақ айтысының биігіне көтерілді. 

Ақын өмірінің кейінгі кезеңін ұлттық өнердің мұрасын сақтауға арнады. Үмбетәлі Кәрібаев атындағы музейді басқарып, Жамбыл ақынның дәстүрін жалғастырған тұлғалардың шығармашылығын насихаттады. Көнекөздердің көзін көріп, сөзін тыңдаған Надежда апай сол аманатты кейінгі буынға жеткізуге күш салды.

Айтақын Бұлғақов, айтыс ардагері:

- Надежда Лушникова анамыз кешегі Жамбыл, Үмбетәлі Кәрібаев, Әсімхан Қосбасаров, Әлімқұл Жамбыловтың көзін көрген, солардың сарқытын ішкен саңлақ ақын еді. Ұлты орыс болса да, қазақтың төл өнері айтысты дәріптеген соның қыр сырын зерттеген, Үмбетәлі мұражайында қызмет еткен, бұрынғы көнекөз ақындардың жыр-термелерін насихаттаған, солардың өнер жолын, өмір жолын үгіттеген дара тұлға болатын. 

Надежда Лушникованың ғұмыры – өнерге деген адалдықтың, қазақ тілі мен мәдениетіне деген шынайы құрметтің үлгісі. Ол қазақ болып туу міндет емес, қазақтың рухын жүрегіңмен сезініп, мұрасын қадірлеу маңызды екенін өз өмірімен көрсетті. Артында жырлары, жарқын бейнесі және қазақ айтысының тарихында өшпес ізі қалды.