Мектеп болса оқушы, оқушы болса мектеп тапшы
Облыс орталығындағы білім беру ошақтарында 3 жыл бұрын 39 мың бала оқыса, қазір олардың саны 45 мыңнан асты. Сәйкесінше халық тығыз орналасқан мөлтек аудандарда тапшылықты жою мақсатында жаңа мектептер салынып жатыр. Ал кейбір мектептерде керісінше бала саны аз. Мәселені шешу мақсатында жергілікті билік арнайы жоспар бекіткен.
120 жылдық тарихы бар бұл мектепте небәрі 600 бала білім алады. Норматив бойынша 800 оқушыға арналған. Бала саны өссе, 1600-ден астам ұл-қызды қабылдауға мүмкіндігі бар. Қазақ мектебінде оқушы санын көбейту үшін балабақшалармен жұмыс күшейтілген.
Халида Бекбосынова, №7 орта мектеп директоры:
- Бұл – бір ауысымдық мектеп. Балаларға жақсы жағдай жасалынады. Өйткені екінші ауысымда балаларымыз мектептегі әртүрлі үйірмелерге, секцияларға қатысады. Бірақ екінші ауысым келіп жатса, әрине мұғалімдер де, әкімшілік те қарсы болмас.
Ал Затон шағын ауданында бала емес, орын тапшы. Мәселен мектептердің бірі бұрынғы балабақша ғимаратында орналасқан. Жобалық қуаттылығы 180 орындық мекемеде 600-ден астам оқушы оқиды. Бүгінде Павлодарда 10 ірі мектепте орын тапшы. Ал 9 мектепте бала саны аз. Мамандардың айтуынша, бұл – уақытша мәселе.
Қуаныш Қыдыралин, қалалық білім беру бөлімі басшысының орынбасары:
- Профициттерді жою мақсатында осындай жоспар құрылуда. Яғни Лермонтов бойында тұрған №43, №34 мектепте бала саны артып түссе, оның жанында тұрған бала саны аздау мектепке тіркеу, мектеп аумағына қатысты үйлерді бөліп тастау сияқты жұмыстар жүргізілуде.
Жаңа мектеп 2,5 гектарлық жерде бой көтеруде. Жобаға сәйкес құрылыс жұмыстары 14 айдың ішінде аяқталуы тиіс. Дегенмен мамандар нысанды жаңа оқу жылында қолданысқа беруді көздеп отыр.
Дәулет Мұстафин, бас инженер:
- А блогында негізі оқу класстары бекітілген. В блогында бастауыш сынып балалары, 1 мен 4-сыныпқа арналған. Ал мына біз тұрған В блоктың 1-қабатында асхана, 2, 3-қабатында спортзал болады. Бұрын болған футбол алаңы бар, соның реконструкциясын жасаймыз. Су құбыры, канализация дегендерді қайта жабдықтап, іске қосамыз.
Ақмарал Есімханова, тілші:
- Затон шағын ауданындағы орта білім беру ошақтарында орын тапшылығын жою мақсатында қазіргі таңда үш қабатты мектептің құрылысы жүріп жатыр. Мамандардың айтуынша, бүгінде екі корпустың бірінші қабатының құрылысы аяқталды. Бұл ғимарат 350 оқушыға шақталған. Қолданысқа берілгеннен соң жақын маңдағы мектептердің жүктемесі айтарлықтай азаймақ.
Қазіргі уақытта шаһарда екі шағын аудан құрылыс алаңына айналған. Сәйкесінше жаңа мектептер салынады. Сарыарқа шағын ауданында апатты үйлер сүріліп, 650 мектеп салынады деп күтілуде. Сонымен қатар Павлодар қаласына қарасты Мойылды ауылындағы мектепке 35 орындық қосымша ғимарат бой көтермек.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков және Алексей Омельницкий