«Қайырымдылық керуені»: Елбасы Қоры қайырымды әрі жомарт жандарды марапаттады
Біз «тасбауыр» деп жиі сөгетін қоғамда жомарт жүректі жандар бар және олар көп. Соның бір ғана мысалы – елорданың «Qazaqstan» орталық концерт залында өтіп жатқан «Қайырымдылық керуені» шарасы.
Тұңғыш Президент – Елбасы Қоры мен Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы ұйымдастырған шара осымен екінші жыл қатарынан өтіп отыр. Былтыр тамыз айынан өңірлерде батыл, қайырымды, жігерлі жандарды анықтау және іріктеу басталған.
Гүлжан Марқабаева, тілші:
- Қазақта «оң қолың бергенді, сол қолың көрмесін» деген сөз бар. Яғни қайырымдылықтың жариясыз жасалғаны дұрыс. Бірақ сіз бен біз өзіміз өмір сүріп отырған қоғамның мейірімсіз еместігін білуіміз қажет. Және сол қайырымдылықты жасайтын жүрегі жомарт жандарды танып-біле түсіп, оларды мақтан етіп, үлгі тұтуымыз да қажет. «Қайырымдылық керуені» акциясы биыл екінші мәрте өтіп отыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқаудың беделі артып келеді.
Марғұлан Әлкей, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры атқарушы директорының орынбасары:
- Қайырымды істерді жүзеге асырып жүрген азаматтарды қамтыдық. Әрине, қазір қоғамда мейірімді жандардың көбейіп келе жатқаны қуантады. Үкіметтік емес ұйымдардың ең негізгі мақсаты – осындай азаматтарымызды халыққа көрсете отырып, өскелең ұрпаққа үлгі бола білу.
Сонымен байқаудың 5 номинациясы бойынша жүлдегерлері анықталды. Жарыстың ең жоғары наградасы І дәрежелі медаль «Асар» номинациясы бойынша алматылық Ұлжан Алашабаеваға берілді. Ол қазақтың ұлттық мәдениетін сақтауға және дамытуға бағытталған жобаны жүзеге асырады. Сондай-ақ оның жобасы нашар көретін балаларды қоғамға бейімдеуге арналған. «Туған жер» номинациясы Жамбыл облысынан келген Ләззат Жабатаеваға бұйырды. Ол ерекше патриоттығы үшін марапатталды. Ол Түркістан облысындағы туған ауылы Шәуілдірге балабақша салды. Сарыкемер ауылында өз қаржысына спорттық-сауықтыру кешенін салып, тиісті құралдармен жабдықтады. Сондай-ақ республикалық «Батыс қақпасы» тасжолында «Қайнар» медициналық орталық нысанын тұрғызды және жыл сайын қайырымдылыққа 7 млн теңгеге дейін қаржы бөлген.
Ләззат Жабатаева, «Туған жер» номинациясының жеңімпазы:
- «Қайырымдылық керуені» акциясында жүректері мейірімге толы, жаны жомарт жандарды көріп қатты қуандым. Қайырымдылық жасау – біздің ата-бабамыздан қанымызға сіңген қасиет. Менің ойымша, қайырымдылық жасау – әрқайсысымыздың парызымыз.
«Қайырымдылық керуені» байқауының өзге үш жеңімпазымен таныстырып өтсек, «Мейірім жолында» номинациясы елорда тұрғыны Жанар Байжүлденоваға табысталды. Жанар – көпбалалы ана, қоғам қайраткері. Екі баланың анасы 2012-2016 жылдар аралығында 11 сәби асырап алған. Өскемендік Айбек Әбдірахманов «Батыл жүрек» номинациясында жеңді. Ол отбасының 7 мүшесін өрттен құтқарды. «Қайырымдылық тарихы» номинациясы Қызылорда облысынан келген Толқын Қабылшаға табысталды. Толқын қайырымдылықпен айналысады, тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсету шараларына да белсенді атсалысады. Конкурс жеңімпаздарына I, II және III дәрежелі медаль, сондай-ақ «Оқжетпес» шипажайына жолдамалар табысталды. Бұл шараның ақпараттық серіктесі «Хабар» Агенттігінің атынан да жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар берілді.
Ерлан Бекхожин, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма Төрағасы:
- Еліміздегі меценаттардың осылай шын жүрегімен өзге адамдарға көмектесуі қуантады. Әсіресе адамдар осындай қайырымдылықты жиі жасап, насихаттауы керек. Бұл кез келген мемлекет үшін де өте маңызды.
Егер алғашқы акцияға 97 қатысушы қатысса, бүгін 231 адам бақ сынады. Бұл – қуантарлық жайт. Демек, қоғамда қайырымды жандар көбейіп келеді деген сөз.