«Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында Маңғыстау облысында 300 сертификат беріледі
Үй алуға қажетті алғашқы 10% жарнаны жергілікті билік төлейді. Осы мақсатта қазынадан 300 млн теңге бөлініп, аудан, қалаларға үлестіріледі.
Мұнайлы ауданындағы Батыр ауылында тұратын 6 баланың анасы Толқынай Байманованың қуанышында шек жоқ. 9 жыл бойы аядай ғана сарайды жалдап келген көпбалалы отбасы жаңа үйге көшті. «Бақытты отбасы» бағдарламасына өтініш тастаған соң көп ұзамай жолдама беріліп, бір айдың ішінде 4 бөлмелі үйге қол жеткізген.
Толқынай Байманова, көпбалалы ана:
- Балаларымыздың несібесіне қарай берілген шығар. Дайын үй, ыстық және суық суы бәрі бар. Қос-қостан бөлме тұр. Өзіміз таңдап, қалауымызбен алдық. Ай сайын 46 мың теңге төлеп тұрамыз.
Көпке қуаныш сыйлаған «Бақытты отбасы» бағдарламасын жүзеге асыруда былтыр Маңғыстау облысы үздіктер қатарынан көрінді. Аймақ бойынша 231 пәтер берілді. Оның ішінде 111-і көпбалалы отбасы, 84-і толық емес және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған 36 отбасы жаңа үйге кірген.
Нұрлыбай Аққұлов, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары:
- Республика бойынша бөлінген қаражат болғаннан кейін қай облыс, қай өңір өзінің осы бағдарлама жұмысын жедел ұйымдастыра біледі соған байланысты беріледі. Әуелі облыстағы Ақтау, Жаңаөзен қалалары мен 5 ауданға 220 пәтер бөлініп, жұмыс істегенбіз.
«Бақытты отбасы» – көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған жанұялардың баспаналы болуына мүмкіндік беретін ең тиімді бағдарлама. Небәрі 2% жылдық үстемақымен 20 жылға дейін үй несиесін рәсімдеуге болады. Алғашқы 10% жарнаны жергілікті билік төлеп береді. Басты шарты – үйге мұқтаж ретінде кезекте тұру.
Нұрлыбай Аққұлов, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары:
- Былтыр брінші қолданыстағы немесе жаңа тұрғын үй алған жағдайда ғана мемлекеттік тұрғын үй сертификатын беретін жоспар болды. Бірақ жасыратыны жоқ, көп адам екінші қолданыстағы үйлерге өзінің таңдауын жасағаннан кейін қаражатты алдын ала беруге мүмкіндік болған жоқ. Осы мәселе биыл қайта қаралып, «аламын» деген адамның барлығына бастапқы жарнаны төлеуге бөлінетін болады, келісім алынды.
Аймақта үй кезегінде 21 мыңдай адам бар. 10 мыңға жуығы бюджет қызметкерлері, 8 мыңдайы әлеуметтік аз қамтылған отбасылар екен, ал 1 712-сі көпбалалы отбасы.
Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев