Байырғы түркі өркениеті туралы жинақ шықты
«Орхон ескерткіштерінің толық атласы» деп аталатын еңбекті тарих ғылымының докторы, профессор Қаржаубай Сартқожаұлы жазған. 3 томдық кітапта автор 2 мың жыл бұрын тасқа қашалған көне суреттер мен жазулардың түпкі мағынасын ашып көрсеткен. Сондай-ақ мұнда әлем түркітанушыларының зерттеулеріне толықтырулар енгізілді. «Тарихи тағылымы зор бұл туынды тек қазақ еліне ғана емес, күллі түркі әлемі үшін де маңызды», – дейді оқырмандар.
Қаржаубай Сартқожаұлы, кітап авторы:
- Бұрын орыс түркологиясының атасы В.Радлов деген кісі 4 үлкен ескерткіштің суретін беріп отырып, бірақ транскрипциясын жасамаған. Тұңғыш рет 120 жылдан кейін біздің кітабымыз шығып отыр. Бұл кітаптың ерекшелігі – сол ескерткіштердің тұрған жері, барлық сипаттамасының берілуінде. Маған дейін мұның сипаттамасын бір де бір ғалым жасаған жоқ.
Тұрсынхан Зәкенұлы, профессор:
- Қаржаубай Сартқожаұлының еңбегінде бұрынғы ғалымдар тарапынан жіберілген 300-ден артық кемшілік-қателікке түзетулер жасалған. Сонымен бірге Орхон ескерткіштеріндегі мәтінді түрік халықтарының этно-мәдениеті, дүниетанымы тұрғысынан қайта беріп отыр.