Қарағанды облысындағы 7 аудан су астында қалуы мүмкін
Оның үстіне жердің тоңы да қалың. Сондықтан елді мекендерді су басу қаупі бар. «Күн күрт жылыса, жағдай қиынға соғады», – дейді төтенше жағдайлар қызметі. Ал өңірде қызыл суға қарсы қандай сақтық шаралары жүріп жатыр?
Биыл қарғын су өңірдегі 7 бірдей ауданға қауіп тудырып отыр. Ондағы елді мекендер ең ірі Шерубай-Нұра, Сарысу, Талды және Нұра өзендерінің бойында орналасқан. «Қазір облыста 262 су қоймасы болса, соның барлығы ақұлпаға сіресіп тұр», – дейді мамандар.
Мұрат Қатпанов, Қарағанды облыстық ТЖД басшысының орынбасары:
- Самарқанд су қоймасынан секундына 5 текше метр су ағызу жұмыстары басталған болатын. Оның астында тұрған Ынтымақ су қоймасынан 6 текше метр секундына ағуда. Шерубай-Нұра су қоймасынан секундына 14 текше метр ағызу басталды.
Төтенше жағдай қызметінің айтуынша, биыл өзендердегі су қоры өткен жылмен салыстырғанда 60%, ал жердің тоңы 30 см-ге жоғары екен. Егер күрт ерісе қауіпті. Енді наурыз айының 1-інен бастап мұз жару жұмыстары басталмақ. Ал өзен арналарын бекіту үшін 413 тонна құм толы қапшық дайындалған. Сондай-ақ кейінгі 4 жыл ішінде су жүруі мүмкін деген 140 ауылдың маңына 190 шақырым бөгет салыныпты.
Қар қалың түскендіктен, аймақтағы суағарлардың да көпшілігі бітеліп жатыр. Мәселен, республикалық маңызы бар жол бойында 1300 суағар мен 90 көпір болса, соның басым бөлігі қардан уақытылы тазартылмаған. Себебі техника жетіспейді.
Асхат Шахаев, «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК ҚОФ инженері:
- Жолдың әр 100 шақырымына техниканы бөлсек, норматив бойынша жетіспеушілік бар. 30-40% ғана қамтылған. Соның салдарынан қардың көп түсуіне байланысты үлгермеу орын алып отыр.
Қарағанды облысында бүгінгі күнге дейін қала және ауылдық жерлерден 1,5 млн текше метр қар шығарылған. Бірақ бұл жеткіліксіз. Бір ғана ақпанда жауған ақ ұлпа айлық көрсеткіштен 5 есе жоғары. Ал синоптиктердің болжауынша, наурыз айының соңғы 10 күнінде ауа температурасы түнгі уақытта да нөлден жоғары болмақ. Сондықтан өңір басшысы елді мекендердегі қауіпсіздік шараларын күшейтуді қатаң тапсырды.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Аслан Демесбаев