Павлодар облысында «Көктем-2020» командалық-штабтық оқу-жаттығулары өтуде
Ондай аймақтардың саны 30-дан асты. Қазір елді мекендерден қар шығарылып, су тоқтататын дамбаларды көтеру жұмыстары жүріп жатыр.
Биыл қыс қарлы болды. Коммуналдық сала қызметкерлері алыс ауылдарды былай қойып, облыс орталығындағы қарды шығарып үлгере алмай жатыр. Оқу-жаттығу шаралары барлық ауданда өтті. Қауіпті деген аймақтардың қары күрелді. Бірақ бұл теңізге тамған тамшы ғана. Апат айтып келмейді. Су – жолындағыны жайпап өтетін тілсіз жау. Үйдің биіктігімен бірдей қар күрт ерісе, сай-саланың бәрі суға толатын түрі бар.
Қарлығаш Қасиетова, тілші:
- Кенжекөл ауылының орталығына жедел әрекет ету жасағының күш пен құралдары шоғырланды. Ол 200-ден астам адам мен 100-ден астам арнайы мамандандырылған техника. Олардың бәрі көктемгі су тасқыны кезінде болуы ықтимал апатты жағдайларды жоюға атсалысатын болады.
Оқу-жаттығу аясында Кенжекөл ауылын су басқан жағдайда қандай көмек көрсетілетіні пысықталды. Сценарий бойынша, ірі елді мекеннің шеткі көшелері су астында қалды. 15 үй зардап шеккен.
Бұл ауылда екі мыңдай ірі-қара, төрт мыңдай ұсақ мал бар. Жағдай қиындаса, қорадағы малды да құтқаруға тура келеді. Жергілікті атқарушы билік наурыз айынан бастап тәулік бойы кезекшілік орнайтынын айтады. Тұрғындарды ақпараттандырып отыру мамандарға жүктеледі.
Оқу-жаттығу өткізуге белгіленген орындарда табиғи апатқа қарсы тұру амалдары көрсетілді. Бөгеттер көтеріліп, далалы жерлер мен жолдарда су жүретін құбырлар тазартылды. Жалпы облыс бойынша өткен оқу-жаттығуға 600 адам, 200-ге тарта арнайы техника бірлігі жұмылдырылды. Ұлттық ұланның сарбаздары да атсалысты.
Ернұр Өтегенов, облыстық ТЖД басшысы:
- Осы жаттығу мақсаты – қар шығару жұмыстары бүкіл су құбырлары немесе қауіп төнетін елді мекендердегі су тасқынына қарсы жұмыстарды жүргізу. Өздеріңіз білесіздер. облыс бойынша 31 елді мекенде қауіп-қатер деңгейі анықталып отыр.
Оқу-жаттығу шараларының басты мақсаты – төтенше жағдайда тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру. Ол үшін қысқа мерзімде штаб құрылып, эвакуациялық пункт дайындалады.
Қарлығаш Қасиетова, тілші:
- Автобустармен қауіпсіз жерге жеткізілген тұрғындардың тізімі жасалып, тіркеуге алынады. Қажет болса оларға алғашқы медициналық көмек көрсетіледі. Су тасқынынан зардап шеккен аймақ қалпына келтірілгенге дейін адамдар жайлы жерге қоныстана тұрады.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Марат Игіліков