Әскерге шақырылғандардың денсаулығы мұқият тексеріледі
Бұл туралы Мәжілісте Қорғаныс министрінің орынбасары Бақыт Құрманбаев айтты. Жігіттердің денсаулығында кінәрат бар. Психикалық және тәртіптік бұзушылықтар, одан соң жүйке мен жүрек, қан тамыр, ас қорыту мен несеп жүйесі аурулары тіркелген. Қорғаныс министрлігі: «Денсаулық сақтау және өңірлердегі әскери басқару органдарының электронды жүйесін интеграциялау керек», – дейді. Сонда азаматтың ауру тарихын көру мүмкін болады. Ал депутаттар жігіттерді тексеру құрамына менингокок, ішек инфекциялары мен адамның иммун тапшылығы вирусын анықтайтын тағы 3 сынама алуды ұсынды. Сондай-ақ депутаттардың ұсынуымен әскерге шақырылған ер азамат кредит алған болса, оны әскерден кейін өтейтіндей жағдай жасалуы мүмкін.
Бақыт Құрманбаев, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары:
- Депутаттар әскерилер мен әскерге шақырылғандарды медициналық қамту мәселелері бойынша өз ұсыныстарын берді. Олардың денсаулығын тексеру бойынша проблема бар екені рас. Ер-азаматтардың әскери борышын өтеуі мемлекет қауіпсіздігінің стратегиялық мәселесі болғандықтан, медициналық комиссияны бәсекелестік ортаға беру қарастырылмайды.