Қазақстан Иранмен әуе қатынасын тоқтатты
Бұл – Үкіметтің сақтану шараларының бір парасы. Қытайда 25 ақпан күні коронавирустан 52 адам көз жұмды. Бұл – соңғы 3 аптадағы ең төменгі көрсеткіш. Жалпы індеттің таралу ошағы осы елде, оны жұқтырғандардың да, қайтыс болғандардың да саны азайып келеді. Дегенмен инфекцияның басқа елдерде таралу көрсеткіші алаңдатып отыр. Мысалы Оңтүстік Кореяда осы вирусты бір мыңнан астам адам жұқтырып, 11-і қайтыс болған. Қазақстандықтарды осы індеттен құтқару үшін еліміздің бас санитар дәрігері жаңа қаулы қабылдады.
Гүлжан Марқабаева, тілші:
- Коронавирусты жұқтырғандардың саны әлем бойынша 80 мың адамнан асты. Қайтыс болғандар 2 700, ал ҚХР-да жағдай тұрақталған секілді, есесіне кесел Оңтүстік Кореяда жылдам тарап, Еуропаның да үрейін ала бастады. Мысалы Италияда инфекцияның осы түрін 300 адам жұқтырып, 10-ы көз жұмған. Иранда да коронавирусты жұқтырғандар санының тез өсуі алаңдатып отыр. Бірқатар халықаралық ақпарат агенттігі «Иранның Денсаулық сақтау министрінің орынбасары да коронавирусты жұқтырды» деген ақпарат таратып жатыр. Ал Қазақстан қорғанысын тағы күшейтіп, 1 наурыздан бастап Оңтүстік Кореяға рейстер санын 9-дан 3-ке дейін қысқартты. Ал Иранмен әуе қатынасын уақытша тоқтатты. Еліміздің бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин коронавирус қаупі жоғары 1-санаттағы елдердің тізімін ұлғайтқанын хабарлады.
Жандарбек Бекшин, ҚР ДСМ комитеті төрағасының орынбасары – Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері:
- 1-категорияға тағы бірқатар елді енгіздік. Баршаңызға мәлім, бұрын тек ҚХР ғана болса, қазіргі таңда бұл тізімге Оңтүстік Корея, Жапония, Италия, Иран және де осы Қытайдың арнайы аймақтары Гонконг, Макао және Тайвань аймағы енгізіліп жатыр.
Айта кету керек, бұл ереже 1 наурыздан бастап күшіне енеді. Оған дейін осы елдердегі қазақстандық азаматтардың елге оралуына мүмкіндік бар. ҚР Сыртқы істер министрлігінің ақпараты бойынша, қазір Оңтүстік Кореяда шамамен 34 мың, Италияда 180, ал Иранда 170 қазақстандық жүр. Сондай-ақ Жандарбек Бекшин Қытайдан келген қазақстандықтардың 14 күндік карантинннің жалғаса беретінін айтты, ал осы 1-санаттағы елдерден оралған азаматтар арнайы оқшауланбайды, тек өздерінің тұрғылықты жерлері бойынша бақылауда болады.
Жандарбек Бекшин, ҚР ДСМ комитеті төрағасының орынбасары – Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері:
- Олар 14 күн үйлерінде жатады, бөлек желдететін бөлме керек. Үйлерінде ешкімді қабылдамайды. Үйдегі адам санын азайту керек. Қоғамдық орындарға баруға және қоғамдық көлікпен пайдалануға болмайды.
Сонымен еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі қазақстандықтарға шетелдік сапарларын кейінге шегере тұруға кеңес береді. Сондай-ақ профилактика үшін дене қызуын күніне кем дегенде 2 рет өлшеп, үй-жайды желдетіп және қолды сабынмен жиі жуып тұруға кеңес береді.