Судьяларға процестік жағынан еркіндік беріледі
Электронды хаттаманы енгізу, сот процестеріне қашықтан, яғни әлемнің кез келген жерінен интернет арқылы қатысу қарастырылып отыр. Жеңіл істерге тараптарды сот ісіне шақырмай-ақ электрондық тәсілмен қарау да құжаттағы жаңа норма екен. Бастысы судьялардың өз бетінше дәлелдеме іздеп, істі зерттеуіне мүмкіндік тумақ.
«Тура биде туған жоқ» демекші, қара қылды қақ жарғандай әділ төрелік халықтың сот жүйесіне сенімін арттырады. Бұл – Елбасының да, Президенттің де қойған талабы. Азаматтық процеске сот жұмысының жаңа форматын енгізуге қатысты заң жобасы 3 бағыттан тұрады. Бүгінде істің ақ-қарасына үңілмеді деп көп арызданушының судья біткенге өкпесі қара қазандай. Алайда қолданыстағы заңнамада соттың өз бетінше дәлелдеме сұратуға құқы жоқ. Ал жаңа құжатта судьяға еркіндік берілмек. «Енді сот жаңа тәсілді халықтың игілігіне тиімді пайдаланса жөн», – деді Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин.
Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- Заң жобасына сот істерін сапалы және ашық жүргізудің жаңа форматы енгізілді. Бұл формат сот жұмысын, азаматтық процесті жеңілдетіп және жылдам қарауға серпін беретін болады.
Жаңа құжатта сондай-ақ қағазбастылықтан арылу үшін 7 сот ұйғарымын алып тастау мен артық сот рәсімдерін қысқарту да ұсынылды.
Мейрамбек Таймерденов, ҚР Жоғарғы сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы:
- Сондықтан оңайлатылған тәртіппен жүргізілетін істер үшін талап қою бағасын көтеруді ұсынамыз. Атап айтқанда, біз жеке азаматтар үшін 200 АЕК-тен бір мыңға дейін, заңды тұлғалар үшін 700-ден 2 мың АЕК-ке дейін енгізуге болады. Егер бұл қолданылатын болса, 30 мыңдай істі тез қарауға мүмкіндігіміз туады.
Ал сот төрелігін цифрландыру аясында жеңіл істерді электрондық форматты пайдалану қарастырылмақ. Сот процесіне интернет арқылы кез келген жерден қатысу да бірталай жеңілдік. Депутаттар: «Бұл игіліктің ауыл-аймаққа жете қоюы неғайбыл», – дейді.
Нұрлан Дулатбеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Интернет те барлық жерде қолжетімді емес немесе олардың күші аз. Мәселен, Қызылорда қаласында бұл мәселе емес, ал шалғай жатқан Қармақшы ауылында проблема болады. Осы мәселені қалай шешуге болады?
Жоғарғы сот өкілі мәселенің біртіндеп шешілетінін алға тартты. 2023 жылға дейін елдің түкпір-түкпірі интернетпен қамтылмақ. Айта кетсек, соттың процестік жағынан еркін болуына қатысты депутаттар оның шешім шығарудағы шыншылдығы да толық тексерілсе деген ұсыныс енгізбек.
Гүлнәр Бижанова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Соттың әділ шешім шығаруына не кепіл? Депутаттар тараптардың өтініші бойынша процеске әзірлік кезінде міндетті хаттаманы даярлау қажеттігін айтқан болатын.
Жоғарғы сот тарапынан еш қарсылық жоқ. Айта кетейік, бұдан бөлек депутаттар еңбек заңының жобасын және екі ратификациялық құжатты мақұлдады. Ал қылмыстық заңнаманы жетілдіру және қарулы күштер, әскери құрылымдардың қоймалары жанындағы тыйым салынған аймақтар туралы заң жобалары қарауға алынды.
Авторлары: Индира Жылқайдарова, Дәурен Жұрхабаев