«Самұрық-Қазына» 2019 жылды табысты аяқтады
«Хабар» арнасына ұсынған мәліметтерге сәйкес, қордың басты миссиясы – ел экономикасын жаңғыртуға қолдау көрсету. Бүгінде соның үдесінен шығып келеді. Қор 2019 жылды табысты аяқтаған. Ал мемлекет бюджетіне түсетін салық көлемі 39% ұлғайыпты. Бұл шамамен 1,2 трлн теңгені құрайды.
Корпоративтік басқаруды жақсарту және жалғыз акционердің пайдасына кіріс әкелу бұл – «Самұрық-Қазына» ҰҚ негізгі міндеті. Ал ұлттық холдингтер жұмысының тиімділігін есеп комитеті үнемі тексеріп отырады. Тексерулер 2016, 2017 және 2019 жылдары өткен. Қазір былтыр басталған тексеріс жүріп жатыр.
Қордың кірісіне тоқталып өтсек, 2019 жылы операциялық деректер бойынша 922 млрд теңге пайда түскен. Бұл жоспарлы көрсеткіштен 157 млрд теңгеге артық.
Квазимемлекеттік секторға қарасты кей компанияларды бәсекелестік ортаға шығару жұмыстары жүргізілуде. Бұл бағытта арнайы жекешелендіру жоспары бекітілген. Оған қорға қарасты 167 компания енген. Бүгінде оның 141-і бәсекелестік ортаға шығарылды немесе таратылды. Қалған 26-сының 23-і бойынша биыл жекешелендіру жұмыстары жүргізіледі. Тағы 3-еуі келесі жылға жоспарланған. Яғни бағдарлама бекітілген мерзімге сәйкес орындалуда.
Сондай-ақ қордың холдинг ішіндегі сатып алулары 25 есеге қысқарыпты. Осылайша 630 млрд теңгеден астам қаржы бәсекелі ортаға берілген. Одан тыс жаңа өндірістер құру бойынша 27 жоба мақұлданған. Инвестиция көлемі 215 млрд теңгеден асады, 1600-ден астам жұмыс орны ашылады. Ал 2019 жылы Қазақстан Үкіметі, яғни жалғыз акционерге берілетін дивидендтер 2 есеге артып, 190 млрд теңге болды. Бұл корпоративтік орталықтың таза табысының 70% екен. Жалпы қор активі бүгінде шамамен 68 млрд АҚШ долларын құрайды.
Бүгінде «Самұрық-Қазына» өзінің ірі активтерін ІРО-ға шығару бойынша қарқынды жұмыс жүргізіп жатыр. Осыған байланысты, қор өкілдері шындыққа жанаспайтын мәлімдемелерге жауап беру құқығын өздеріне қалдыратындарын алға тартып отыр.
Авторы: Ердәулет Ыбырайұлы