БҚО көшелерінде есірткі жарнамасы күшейіп тұр
Ол аздай жыл басынан бері есірткі заттарын заңсыз сақтап, сатуға қатысты 6 қылмыстық іс тіркелген. Салмағы 5 келідей наша да тәркіленді. Психотроптық препараттарды саудалаушы 8 сайт жабылып, интернет-дүкен ашқан бір күдікті қолға түсті.
БҚО-да 600-ден астам нашақор бар. Мамандардың айтуынша, олардың 200-і жыл сайын емделеді. 20% қайтадан адам қатарына қосылып жатса, дені уақыт өте ескі әніне қайта басатын көрінеді.
Асқар Мырзағалиев, облыстық Психикалық денсаулық орталығының бөлім меңгерушісі:
- Біреулері егіледі, кейбірі насыбай сияқты иіскейді, темекіге араластырып шегеді. Содан психикасы бұзылады. Одан өліп те кетіп жатқандар бар. Осы есірткіні ұдайы қолданып тұратындардың жас мөлшері 45-50-ден аспайды.
Өңірде есірткіден көз жұмғандардың есебін ешкім білмейді. Себебі көп жағдайда оның салдарынан адамның ішкі органдары жарамсыз болып қалатындықтан, ауру тарихында нашақордың диагнозы көрсетіледі. Әсіресе қазір кең тараған синтетикалық наркотиктердің зияны көп көрінеді.
Наталья Исмағұлова, БҚО Сот-сараптама орталығының сарапшысы:
- Марихуана, гашиш дегендер бүгінде екінші қатарға ығысып барады. Көбіне әкелетіні синтетикалық есірткілер. Амфитаминдік топқа жататын түрлі таблеткалар да көп. Оның бәрі химиялық қосындылар.
Диспансерде емделіп жатқанның бірі – 40 жастағы Артур. Айтуынша, мектеп қабырғасынан есірткіге елтіпті. Түрлі қылмысқа да ұрынған. Зиянды әдеттен түрмеде отырғанда тыйылып, кейін көрші елге көшіп кеткен екен. Алайда туған қаласына келген соң, ескі достарымен қайта қауышыпты. Енді тағы ем алуда. Оның сөзінше, елімізде есірткі еркін сатылады екен.
Артур Есқалиев, наркодиспансерде емделуші:
- Есірткіге қазір интернет арқылы тапсырыс бересің. Белгілі жерге қойып кетеді. Барып аласың. Міне соларды ұстау керек. Түнгі клубтарда да сатылады. Жасырын агенттерді жіберсе, оларды да анықтауға болады ғой.
Тәжірибелі нашақордың сөзін жоққа шығару қиын. Бүгінде көпқабатты үйлердің қабырғасы мен дуалдарда есірткі жарнамасынан көз сүрінеді. Көбінесе олар Telegram каналдарға сілтеме береді. Аталған мессенджер арқылы сатушылармен біз де тілдесіп көргенбіз. Прейскурантын жіберді. Ақысын төлесең, санаулы сағатта жеткізіп беретінін айтты. Оларды анықтауға құқық қорғаушылар дәрменсіз.
Әлішер Сары, БҚО ПД есірткіге қарсы күрес басқармасының басшысы:
- Интернет ресурстармен күресте белгілі жұмыс жасадық. Ғаламтор арқылы дүкен ашып, есірткі сатқан бір күдіктіні ұстадық. Бірақ бұл жалғыз ғана факт. Telegram арқылы қылмыскерді табу өте қиын.
Telegram каналдарда көбінесе ресейлік ұялы телефон нөмірлері көрсетілген. Бірақ біз кеңескен мамандар есірткі сатушылардың елімізде отырып та, арам ойын жүзеге асыруы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Ол үшін VPN каналдар арқылы тіркелсе, жеткілікті көрінеді.
Петр Лежников, БҚО IT компаниялар қауымдастығының төрағасы:
- Сайтты жапқанмен іс бітпейді. Себебі қазір Telegram канал, сайт ашу – санаулы минуттың шаруасы. Иесін табу керек. Бірақ ол оңай емес. Егер интернет қылмыстармен күресетін арнайы қызмет болып, провайдерлерге сұрау салса, мәселені оң шешуге болар еді деп ойлаймын.
Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:
- Ғаламтор – білім көзі, ғаламтор – ақпарат алмасу құралы, бір сөзбен айтқанда интернет – игілік. Бірақ бүгінде осы игілікті қылмыстық мақсатқа қолданушылар қатары артқан. Оған қала көшелеріндегі самсаған жазулар дәлел. Интернет арқылы есірткі сатушыларға тиісті органдар тарапынан толыққанды тосқауыл болмай отыр. Дуалдағы жарнаманы дүркін-дүркін бояғаннан басқа олардың әзірге артық әрекеті аңғарылар емес.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Р. Ғазезовф