Петропавлдағы Култышевтар отбасы 16-шы сәбиін күтуде
Үйдің үлкені 18 жаста болса, кенжесі 9 айлық. Ата-анасы оларды ешкімге алақан жаймай өсіріп келеді.
Бұл – Петропавл қаласының тұрғыны Павел Култышевтың шағын ғана шеберханасы. Ұлдары бос уақытта мұнда әкесіне қолғабыс жасайды. Қазір отағасы бауыр еті балаларымен бірге әбден тозығы жеткен «Газ» жүк көлігін қайта жаңғыртып жатыр. Жақын арада оталдырып, техниканы пайдасына жаратпақ.
Павел Култышев, Петропавл қаласының тұрғыны:
- Өзім дәнекерлеушімін. Білгенімді әркез балаларыма үйретемін. Себебі жақсы тәрбие беріп, оларды еңбекке баулу – менің басты міндетім. Өзім де көпбалалы отбасынанмын. Біз сегіз ағайындымыз.
Гүлдей нәзік, болаттай берік отанасы Татьяна – 20 жылда 15 құрсақ көтерген асыл ана. 8-і ұл болса, қалғаны қыз бала. «Барлығын бірдей жақсы көремін. Себебі алтын шаңырақтың ажарын ашып отырған осы бүлдіршіндерім», – дейді қайсар жан.
Татьяна Култышева, Петропавл қаласының тұрғыны:
- Балаларымды бөліп жармаймын. Барлығына құшағымды ашып, ана махаббатымды беремін. Бағып-қағуда аздаған қиындықтар бар. Бірақ ол бастысы емес. Маңыздысы олардың сыңғырлаған күлкісі. Қазір балапандарымызды қатарынан кем қылмай өсіріп келеміз. Ешкімнен көмек сұрағанымыз жоқ.
Адалдық, сыйластық және еңбекқорлық. Бұл – Култышевтар отбасының басты құндылықтары. Ал үйді базар қылып отырған балалар саны тағы да артпақ. Қазір бұл жанұя 16-шы сәбиін күтуде.
Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов