Қызылорда облысындағы ауылдарға көгілдір отын мен балабақша керек
Бұл өзекті мәселені Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданындағы Бірлік ауылының тұрғындары көтерді.
Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келген Nur Otan партиясының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек тұрғындармен кездесіп, аймаққа тəн бірқатар түйіткілді тыңдады.
Бірлік ауылында балабақша жоқ емес. Тек өте ескі əрі тарлық етіп тұр. Бүгінде бұл елді мекенде 100-ден астам бала бөбекжайға кезегінде тұр.
Әліпбек Асанов, Бірлік ауылының тұрғыны:
- Балалар саны көп. 2 рет балабақшаның жобалық-сметалық құжатын дайындағанбыз. Бюджеттен ақша бөлінбей қалып қойды. Былтыр тағы бөлінді, енді оған балабақша салып алсақ дейміз. Біздің ең басты мәселеміз сол.
Аудан басшылығы биыл ауылда жаңа балабақшаның құрылысы басталады деп уəде берді. Оны мемлекеттік-жекеменшік əріптестік бағдарламасы аясында салмақ. Бірліктіктер көгілдір отын мəселесін де көтерді. Ауылдан 15 шақырым жерде «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбыры өтіп жатыр. Соның игілігін көргісі келеді.
Жергілікті билік 3 мыңға жуық халқы бар Бірлік ауылындағы 400-ге тарта үйді 2021 жылдың соңына дейін көгілдір отынмен қамтуды көздеп отыр. Елдегі газдандыру жұмыстарына қарқын қосуды өткен жылы Елбасы Nur Otan партиясының съезінде тапсырған болатын. Ол үшін «Құтты мекен» партиялық жобасы әзірленді.
Су торабы апатты жағдайда тұр
Партиялықтар Жаңақорған ауданында шаруақожалық төрағаларымен де кездесті. Күрішші қауымды субсидия мəселесі толғандырады. Өткен жылы бұл мақсатқа бөлінген қаржы жетпей, 51 шаруашылық 160 млн теңге қаражаттан қағылып отыр. Бауыржан Байбек мəселені қысқа мерзім ішінде шешуге ықпал жасалатынын айтты. Ал апатты жағдайда тұрған Әйтек су торабы бұзылса, өңірдің 55% күрішін өндіріп отырған Жалағаш пен Сырдария ауданының 42 мың гектар күріш алқабы сусыз қалуы ықтимал. Өйткені бұл гидроқондырғы апатты жағдайда тұр.
Жорабек Нұрымбетов, «ҚазСуШар» РМК өндірістік учаске бастығы:
- Әйтек су торабы 2004 жылы салынған. Қазір 16 жыл болды су торабының төменгі жағында су жуу процесі орын алған. 250 текше метрге есептелген, ал қыстыгүні ол жерге 500 текше метр су келген.
Биыл айтулы су торабы толық жөнделеді. Оған 500 млн теңге бөлінген. Енді мердігер анықталады. Құрылыс барысы партиялық бақылауда болады. Су комитетінің өкілі осылай деді.
Сырбойылықтар көтерген бірде-бір мәселе ескерусіз қалмайды. Өңірді дамыту бағдарламасында өзекті деген мәселелер қамтылмақ. «Елбасы тапсырмасы бойынша бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табатын болады», – деді Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Қанат Еңсебаев