«Селаполетела» аталатын саяхат туралы шоуды «Хабар» арнасы ұсынады
«Селаполетела» деп аталған саяхат туралы шоуда шет мемлекеттерге сапарлап кеткен жерлесіміз ақша табуды үйренеді. Ең қызығы сапарлар арқылы сол елдің тұрмысын көріп, әдет-ғұрып, салт-дәстүрімен танысады. Жоба авторлары әдетте саяхатшылардың назарына іліге бермейтін жайттарды ашық көрсетуге тырыспақ.
Шетелдерге саяхат. Ойын-сауық пен қызықты оқиғаларға толы сапарлар. Табиғаты тамсандырар әсем жерлер. Мәдениеті өзгеше халық пен қарым-қабілеті сан-түрлі адамдар. Дәулетті тұрмыс пен кедейшілік, тамақ тапшылығы, қоршаған ортаға деген көзқарас пен қоғамдағы сан-алуан көріністер. Міне осының барлығы жобада қамтылады. Әр елге баратын кезде Нағима есімді блогер-жүргізушіге 5 тапсырма беріледі. Егер ол барлығын орындаса 100 доллар алады. Ал орындай алмаса, табысы төмендейді.
Нағима Ахметова, бағдарлама жүргізушісі:
- Мен үшін бұл жобаға қатысу өте қызық болып тұр. Сапарлап баратын ел жөнінде алдын ала ешқандай мәлімет білгім келмейді. Бәрі тосын болуы тиіс деп ойлаймын. Сонда ғана бағдарлама шынайы болады.
Осыған дейін жоба авторлары белорусиялық көрерменге арнап дәл осындай бағдарлама түсірген. Түсіру тобы кәсіби мамандардан жасақталған.
Камилла Абдельдинова, режиссер:
- Әдетте бағдарламаның белгілі бір жүргізушісі болады, көрген білгенін сол айтып отырады. Ал бұл телевизиялық шоудың сипаты басқа. Біздің түсіру тобының мүшелері де кадрдегі оқиғаларға қатысады. Бір-бірімен пікір таластырып, қажет болса, кеңестерін қосады. Бейнекөріністерді де қызықты, кейде шытырман етіп көрсетуге тырысамыз.
Жалпы саяхат шоу жобасы төрт мемлекетте Тунис, Грузия, Жапония мен Үндістанда түсірілді. Тунис сапарынан әзірленген телешоудың алғашқы саны осы сенбіде «Хабар» арнасынан күндізгі сағат 10:30-да көрсетіледі.
Авторы: Гүлжан Көленқызы