Жамбыл облысының тұрғындары бір-біріне қол ұшын созудың озық үлгісін көрсетуде
Дархан еліміз оны сөзбен емес, іспен дәлелдеген. Өз жұртынан айырылып, туған жерінен жыраққа кеткен талай ұлт өкілі қазақ жерінде тұрақтап қалды. Департацияға ұшыраған халықтардың ұрпақтары бір үзім нанымен бөліскен қазақтың бауырмалдығын ұмытқан емес. Жамбыл облысы Байзақ ауданында тұратын Кабировтар отбасы қиындыққа тап болғандарға көмек қолын созуды әдетке айналдырған.
Ерлі зайыпты Эльбрус пен Саяра Кабировтар – отбасының үлкендері. Жастары ұлғайғанына қарамастан, көмек көрсетуге асығып тұрады. Қайырымдылықты олар ата-аналарынан үйренген. Бір ғасыр бұрын олар Қызыл Жұлдыз ауылына қоныстанған. Эльбрус атаның жасы бүгінде 80-нен асқан. Барлық ұлт тату-тәтті өмір сүріп, еңбек еткенін мақтанышпен еске алады.
Эльбрус Кабиров, Қызыл Жұлдыз ауылының тұрғыны:
- Осы қазақ халқының жеріне соғыстың уақытында небір халық көшіп келді. Қазақ халқының арқасында аман қалдық.
Байзақ ауданында қазір Кабировтар әулетінің алтыншы ұрпағы өмір сүріп жатыр. Олар – дәрігер, инженер, педагог сынды әр саланың мамандары. Фаиль Кабиров – бұрынғы дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Ол Қазақстанда туып өскенін мақтан етеді. Бұл отбасында татардан басқа қазақ, башқұрт, орыс және ұйғыр ұлтының өкілдері бар. Көпұлттан тұратын шаңырақ иелері барлық этнос өкілінің дәстүріне құрметпен қарайды. Әсіресе қазақ пен татардың ас мәзірінсіз бір де бір мерекенің сәні келмейді.
Бұл отбасының мүшелері қазақ, орыс, татар және өзбек тілін жетік меңгерген. Ең бастысы өзара түсіністік пен көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созуды басты ұстаным етіп алған.
ҚХА-ның аймақтық филиалында тұрғындар бір-біріне көмек көрсетуге әркез дайын екенін жеткізді. Бүгінгі таңда этномәдени бірлестіктермен 10 жоба жүзеге асып жатыр. Олардың басым бөлігі қайырымдылық шараларына арналған.
Кенжебай Өмірбеков, «Қоғамдық келісім» коммуналдық ММ әдістемелік бөлімінің маманы:
- 2019 жылы қайырымдылық акциясында 6 700 отбасына 270 млн теңгенің көлемінде қайырымдылық шаралары жасалынды. Жамбыл облысының 10 ауданында қайырымдылық шаралары өтті. Тұрмысы төмен отбасыларына және де көпбалалы отбасыларына қайырымдылық жасалды.
Өңірде 87 этнос өкілі тұрады. Олардың бәрі де елдегі тұрақтылық пен бірлікті сақтауға өздерінің үлестерін қосып келеді. Алғыс айту күніне арналған мерекелік бағдарламалар облыс аумағында өтіп жатыр.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Анастасия Сулейманова, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатілла