Президент: 260 ауылда әлі күнге дейін интернет жоқ
Мұны Ақордада өткен арнайы жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі айтты. Президент: «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы толыққанды жүзеге аспай жатыр», – деді.
Жылқышы Жанат үйір-үйір жылқысын ұялы телефонымен үйде отырып-ақ басқарып жүр. Аптап ыстық пен ақтүтек боранда далаға шығудың қажеті жоқ. Жылқының мойнына тағылған GPS-құрылғы қай малдың қай жерде жайылып жүргенін оп-оңай көрсетіп береді. Бұл – ешқандай сиқырдың емес, цифрлдандырудың нәтижесі.
Жанат Ақтаев, жылқышы:
- Бір үйірде шамамен 30 бас бар. Кейбірі ақсайды, кейбіреуі ауырып қалады, бөлініп қалады. Соларды бұл құрылғы жеңіл тауып алады. Жаңа жүйе жайылымдағы малды көзден таса қылмай қадағалауға септігін тигізеді. Қолайсыз ауа райы оған кедергі келтірмейді.
Трендке айналған цифрландыру терминінің мәні: қарапайым жұрттың тұрмыс-тіршілігін жеңілдету, экономиканың тиімділігін арттыру, сөйтіп бәсекеге қабілеттілер қатарына қосылу.
Астарында не жатқанын кім білсін, біздегі сыбайлас жемқорлық жиі кездесетін салаларда цифрландыру өте баяу жүргізіледі екен. Бірақ Президент мұны көрмей, білмей отыр деуге болмайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бұл жер телімдерін беру, табиғи монополиялардың қызметтеріне қосылу, қоғамдық көлікте жолақы төлеу жүйесі және басқа да салаларда көптеп кездеседі. Жергілікті атқарушы органдар аталған мәселеге қатысты белсенді жұмыс істейді деп сенемін. Цифрлық даму министрлігі бұл жұмысты тиісті деңгейде жолға қоюы тиіс. Президент Әкімшілігіне бақылауға алуды тапсырамын.
Таяуда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің қабылдауында болған Мағира Жекебаева жасанды протез алудың жолында жылдап жүгіргенін айтып шағымданған. Бірақ цифрландыру сыбайлас жемқорлықтың жолын кесіп отыр. Бүгін министр мүмкіндігі шектеулі жандарға көрсетілетін бүкіл қызмет электронды жүйеге көшкенін айтты. Енді темір аяқты тек тамыр-танысы барлар емес, Мағира да ала алатын болды.
Біржан Нұрымбетов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
- Әлеуметтік қызметтер порталы мүгедек жандарға зор мүмкіндік тудырады. Бұдан былай олар осы портал арқылы ешқандай мемлекеттік сатып алусыз, делдардардың көмегінсіз қалаған қызмет түріне қол жеткізе алады. Порталда 24 түрлі қызмет бар. Атап айтқанда, медициналық құрылғыларды, оңалту орталықтарында алынатын жолдаманы тікелей рәсімдеуіне болады.
Цифрландыру – бір ғана саланы немесе бір бағытты дамыту емес. Оны тұтас құрылым деп қарастырған жөн. Мекемелерге ортақ мониторинг жүйесі болуы шарт. Әйтпесе жеке-дара дамимыз деу – бос әурешілік. Президент әріге бармай-ақ өткен күзде халықты әбіргерге салған жайды мысалға келтірді. Халықтың қарызын кешіруге арналған шараға көп адам ілінбей қалды. Себеп біреу: Мемлекеттік органдар ақпараттар базасын дер кезінде жаңартпаған, қажетті шараларды уақытында қабылдамаған.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- «Big Data» технологиясын, «жасанды интеллект» алгоритмін қолдану нақты әрі дәл деректер базасын құруға, қате немесе ескірген ақпараттарды анықтауға, шашыраңқы мәліметтердің біртұтас және объективті көрінісін айқындауға көмектеседі. Сондықтан Үкіметке барлық мемлекеттік органды жұмылдыра отырып, «Smart Data Ukimet» жобасын қысқа мерзімде іске қосуды тапсырамын.
Цифрлық технология ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, қаржы саласын түбегейлі өзгертті деуге болады. Бірақ әлі де кемшін тұстары бар. Президент: «Қаржы саласы әлі де қағазбастылықтан арылмай отыр», – деп сынады. Бірақ сала министрі: «Мамырға дейін шаруаны реттейміз», – деп уәде берді.
Әлихан Смаилов, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – Қаржы министрі:
- Өткен жылы бюджетті жоспарлаудың ақпараттық жүйесін жасап шықтық. Пилоттық режимде министрлікте сынап көрдік. Енді мамырдан бастап мемлекеттік сатып алу, қазынашылық, мемлекеттік аудит және есеп комитетінде бюджеттік сұраныстардың бәрін электронды түрде рәсімдейтін боламыз.
Көп ұзамай қағаз алмасуға да түбегейлі тыйым салынуы мүмкін. Бірақ жылдамдығы жоғары интернетке көшпей, электронды жүйеге көшеміз деу бекер. Бұл – шалғайдағы кейбір елді мекендерде үшін арман.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Осы екі жыл ішінде 741 елді мекенді интернетпен қамтамасыз ету керек болған. Бірақ 260 ауыл-аймаққа әлі тартылмаған. Қала мен ауыл тұрғындары арасында цифрландыру алшақтығы бар. Бұл жай ғана алшақтық емес, әлеуметтік теңсіздік. Сондықтан Үкімет цифрлық алшақтықты реттеу жұмыстарын жандандыруы қажет.
Қазір күллі әлем үшін киберқауіпсіздік – бас ауыртар мәселе. Қарыштап дамыған технологияның бір кем тұсы – осы. Хакерл,ер жеке адамдардың деректерін былай қойып, ірі компаниялар мен ресми органдардың сайттарына жиі шабуылдайтын болды. Өткен жылы елімізде түрлі сайттарға 772 мың, ал электронды үкімет порталына 134 мың кибершабуыл жасалғаны анықталды. Қазақстан қарап отырған жоқ. Тек былтырдың өзінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мамандары 2 жарым млрд шабуылға тойтарыс берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Өткен жылы әлем бойынша әрбір 14 секунд сайын кибершабуыл жасалды. Алдын ала болжам бойынша 2021 жылы киберқылмыстың жаһанға келтіретін қаржылай шығыны 6 трлн долларға жетеді. Мұның алдын алу үшін ақпараттық қауіпсіздіктің 10 жедел орталығын құру жұмысын жалғастыру қажет. Сондай-ақ «Ақпараттық қауіпсіздік» мамандығы бойынша білім беру грантын кемі 2 мыңға дейін арттыру керек.
Цифрландыруға иек артпасақ, көшке ілесе алмаймыз. Цифрландыруды сәтті жүзеге асырған мемлекетке мысал көп. Олар цифрландыруды өркендеудің коды ретінде түсінеді. Демек көш соңында қалмас үшін қарап тұруға болмайды. Президенттің қатаң тапсырғаны – осы.