Бейбіт жиындар туралы заң жобасы талқыланды
Оған қоғам белсенділері, сарапшылар, заңгерлер мен БАҚ өкілдері қатысып, ұсыныс-пікірлерімен бөлісті. Ал заңгерлер жағы тұжырымдаманы қабылдамас бұрын әуелі халықаралық институттардың сүзгісінен өткізіп алу қажеттігін айтады.
Заң жобасын талқылауға жиналғандар өте белсенді болды. Көпшілігі оның талаптарымен келіседі. Мәселен, тұжырымдамада митинг, пикет, жиналыс, шеру секілді бейбіт акция түрлеріне нақты анықтама берілген. «Әрі журналистердің құқықтары мен міндеттері белгіленген», – дейді сарапшылар.
Нұркелді Омарханов, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі:
- Ұсынылып отырған заң жобасында ұйымдастырушы, қатысушы, басқа да субъектілердің қағидалары, статусы, міндет-мақсаттары анықталған. Яғни бұл бізде өтетін бейбіт шеру өткізудің жауапкершілігін арттырады. Ата заңымызда көрсетілгендей, әр азамат құқылы, бірақ біз еліміздің тыныштығын, бейбіт өмір туралы да ойлауымыз керек.
Үш сағатқа созылған жиында 30-ға жуық адам өз пікірін білдірді. Мәселен, бірі заңның атауын өзгерту керек десе, енді бірі кәмелет жасына толмағандарды қатыстыруға тиым салу қажеттігін айтты. Баршаға ортақ негізгі ұсыныс – бейбіт жиын өткізуге рұқсат алу мерзімін қысқарту. Ал заңгерлер тұжырымдаманы қабылдамас бұрын, әуелі халықаралық институттарға сараптамаға жіберу керек деп санайды.
Нұрсахан Бейсенбекова, «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры:
- Заң дұрыс, бірақ сол заңды түсіндіретін қосымшасы болу керек. Яғни «Ол қалай жүргізіледі, кім жауап береді?» деген қосымшасы бірге дайындалу керек. Меніңше, демонстарцияға, жиналысқа шыққанда да мемлекеттің негізгі фундаментіне зиян келтірмейтін ұсыныстарды айтатын болса, соны шешудің жолын көрсететін болса ғана шығу керек.
Қоғам белсенділері заңды қазақшаға аударғанда біраз қателік кеткенін айтып, түзетуді ұсынды. Айта кетейік, бұған дейін заң жобасында бейбіт жиынға қатысатын адам 250-ден аспаса, билікті тек хабардар ету жеткілікті делінген болатын. Қазір Президент тапсырмасымен бұл шектеу жойылған. «Бұл – халық үніне құлақ асатын мемлекет қалыптастырудың алғышарты», – дейді жиналғандар.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин