Елімізде қиын мамандықты меңгерген арулар жетерлік
8 наурыз осы нәзік жандылардың мейрамы болғанымен, көбі: «Бұл күні де жұмыс істейміз», – дейді. Иә, «әйелдің 40 жаны бар» деген. Күнделікті күйбең тірліктің қамы ғой. Жалпы арулар көктемнің алғашқы мерекесінен не күтеді және оны қалай қарсы алмақ?
Биыл қыста қар көп түскені белгілі. Осы қала көшелерін ақ ұлпадан тазалаумен ер азаматтармен бірге 200-ден астам әйел еңбек етіп жүр. Солардың бірі – Күлайхан Әмірбекова. Ақ жаулықты ананың коммуналдық мекемеде жұмыс істегеніне 11 жыл болыпты. «Мереке мерекесімен, бірақ көшелердегі қар мен мұз өздігінен кетпейді ғой», – дейді Күлайхан Әмірбекова.
Күләйхан Әмірбекова, коммуналдық мекеме қызметкері:
- Енді мереке күні де бізде жұмыс. Үйде отыра алмаймыз. Жыл сайын бізді әріптестер құттықтайды. Ер адамдар бізге үстел жасап, жақсылап құттықтайды, сыйлық береді.
Айна Қияқова зауыттағы крандардың қалтқысыз жұмыс істеуін қадағалайды. Ауыр да қиын мамандықты меңгерген Ақтөбедегі жалғыз ару. Әріптестері оны: «Өз ісінің шебері», – дейді. Бірақ Айнаның айтуынша, бөлшектерді тек жұмыста ғана жөндейді.
Айна Қияқова, электромонтер:
- Менің мамандығым электрик болған соң, мен оны тек жұмыста істеймін. Бүкіл жұмысқа қатысты нәрсе үйде де бар. Бірақ оны үйде жасамаймын. Өйткені үйде ер азамат бар. Ол өзі барлығын істейді. Мен үйде өз орнымды білемін.
Ал Болливудты артта тастап, әйгілі «Netflix» компанияларының кинотуындыларында түрлі қиын трюктерді орындап жүрген қазақ қыздары жетерлік екен. Жібек Жаппасова – кәсіби каскадер. Аттың бабын кей ер азаматтардан артық біледі, құлағында еркін ойнайды. Қауіпті трюктерді орындап, киноларға түсіп жүргеніне 12 жыл болған екен.
Жібек Жаппасова, каскадер:
- Иә, мерекеде барлығы құттықтайды. Алғысым шексіз. Біз мұндай мерекеде мейрамханаға барамыз. Күндіз аттың үстінде болсаң, кешке әдемі болып, көйлек киіп, мейрамханаға барасың. Жеке өз басым сыйлықтарды күте қоймаймын. Тосыннан беріп жатса, әрине жанға жылулық сыйлайды.
Ерлермен қатар иық тіресіп ауыр да қиын жұмысты атқарып келе жатқан арулар елде жетерлік екен. Барлығын бірдей бір сюжетке сыйдыру мүмкін емес. Көбі мейрам күндері де жұмыс істейтіндіктерін айтады. Сол себепті әр мамандық иегерінің еңбегін бағалай білейік.
Авторлары: Риат Шони, Серік Қоңырбаев