Оралда балаларға түзету-оңалту орталығы ашылды
Кәсіпкерлік басқармасы ұйымдастырған байқауда түзету-оңалту орталығы өзге жобалардан озық шықты. 29 жастағы кәсіпкер Гүлнұр Төлеген аталған нысанды өткен жылы жеңілдетілген несие алып, ашқан еді. Мұнда ақыл-есі мен сөйлеу қабілеті тежелген жеткіншектерге, аутизм синдромы байқалған балалар мен сал ауруына шалдыққандарға тиісті көмек көрсетіледі. Заманауи жабдықтар да арнайы сатып алынған. Мәселен, биоакустикалық коррекция аппаратында ем алу үшін бұрын тұрғындар көрші елге сабылатын болса, енді алысқа бармай-ақ мамандандырылған жәрдемге жүгіне алады. Жалпы өңірде психоневрологиялық көмекке зәру 2 738 мүгедек бала бар екен.
Алмагүл Жантурлина, Орал қаласының тұрғыны:
- Осы орталыққа келіп бастағаннан бері өзгерісіміз бар, мысалы білмейтін, тілі келмейтін дыбыстарды айта бастады. Сосын түсінігі көбейе бастады. Бұрын «бір нәрсені жоқ» десең 30-40 минут жылап, жерді теуіп жататын. Қазір әрі кетсе 5-6 минутқа дейін созылады.
Гүлнұр Төлеген, кәсіпкер:
- Бұл балаларды көріп жүргеніме 6-7 жыл болды, танимын. Себебі қайырымдылықпен айналысамын. Осы балалардың өмірге деген құлшынысын оятқым келеді. Сондықтан осындай ойды жүзеге асырып жатырмын. «Маған елім не береді?» деп күтіп отырмай, «мен еліме не беремін?» деп алға қарай ұмтылу керек.