Қытайда коронавирустың қаупі азайды
Алайда қуануға әлі ерте. Себебі кей елдерге инфекция енді жетті. ДДСҰ мәліметінше, вирус 100-ден астам елге тарап, 100 мыңнан астам адамға жұққан.
Егер сақтық шараларын қатаң сақтамасақ, бізге де келіп қалуы әбден мүмкін. Мұны отандық дәрігерлер жоққа шығармайды. Сондықтан абай болғанымыз абзал.
Ауру айтып келмейді. Сондықтан сақтық шараларын қатаң сақтаған жөн. Ел мамандары осылай деп ескертіп-ақ жатыр. Қоғамдық орындарға баруға болмайды. Өзге елдерге саяхаттауды кейінге қалдыру керек. Тазалыққа ұқыпты болу шарт. Бұл – аурудың алдын алатын негізгі қағидалар. Әзірге қауіпке қарсы амал өз тиімділігін көрсетіп жатыр. Ол туралы Денсаулық сақтау министрі өзінің Facebook парақшасында де айтты.
Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Мұндай зерттеу жүргізу кезінде әлем елдеріне коронавирус инфекциясының тарау мүмкіндігі мен жолаушы тасымалы көлемі негізге алынды. Мысалы, Ланцет басылымында ірі қалаларға Қытайдан коронавирус әкеліну мүмкіндігі жайлы ұқсас болжам жарияланған болатын. Ал біздің ғалымдардың болжамы орындалмауы мүмкін. Бүгінгі таңда Қазақстанда коронавирус жұқтыру дерегі тіркелмегенін мәлімдеймін.
Бізде тіркелмеген. Бірақ күдікпен 703 азамат карантинге жатқызылды. 167 адам үйде оқшауланды. 3019 азамат медициналық бақылауда. Осыған байланысты қоғамдық орындарға мейлінше шықпауға кеңес берілді.
Динагүл Баешева, Астана медицина университетінің кафедра меңгерушісі:
- Егер біз бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің айтқанын орындасақ, елімізде коронавирустың тарауын шектейміз. Індеттен сақтанудың 5 тәсілін естен шығармайық. Біріншісі: коронавирус тіркелген мемлекеттерге бармау. Екіншісі: қалаңыздағы адам көп жиналатын орындарға бармау. Сонымен бірге қолды үнемі жуып, таза ұстау керек. Бастысы түшкіру мен жөтелу мәдениетін сақтауды ұмытпаған жөн. Бұл ережелер вирус жұқтырмауға көмектеседі.
Егер күдікті белгілер анықталса, карантинге жатқызылу керек. Үй карантиніндегі адам бөлек бөлмеде болуы шарт. Науқас пен туыстары медициналық бетперде, қолғап пайдалануы керек. Қол алыспау маңызды. Ауызды жауып жөтелу мен түшкіру айтпаса да түсінікті. Бұл ретте оқшауланған адамға 60-тан асқандар мен 5 жасқа дейінгі балалар, аяғы ауыр әйелдер, иммунитеті төмен және созылмалы жүрек, өкпе мен бауыр аурулары бар адамдар жақындамаған абзал.
Рафаил Розенсон, профессор:
- Маска тағу міндеттеледі. Бұл аурудың жұғуын азайтады. Бірақ оны өзгелермен көп арласатын адамдар пайдалануға міндеттеледі. Мәселен, шекарашылар бетпердемен жүру керек. Себебі ол жерде әрі-бері өтетін адамдар көп. Дәрігерлер мен сатушылар да бетпердемен жүру керек. Бірақ оны ұзақ қолданбаған жөн. Екі сағат ішінде дымқылданып кетеді. Сондықтан үтіктеп немесе кептіру тұру маңызды.
Қазір мамандар 70-тен астам мемлекетке бармауға кеңес береді. Олардың қатарында туристер жиі саяхаттайтын Еуропа елдері мен АҚШ, Тайланд, БАӘ, Египет, Грузия, Жаңа Зеландия мен Малайзия бар. Сондай-ақ енді Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония, Иран, Италия, Испания, Германия мен Франция азаматтарына Қазақстан аумағына кіруге тыйым салынады.
Авторлары: Бірлік Берікұлы, Әлібек Әлиев