«Тұмар» ұлттық телевизиялық бәйгесі биыл көрерменсіз өтеді
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен қолға алынған шара 10 аталым бойынша өткізіледі. Дәстүрлі байқау телевизия саласындағы үздіктерді анықтауды көздейді. Айта кету керек, биылғы жүлденің ерекшелігі әр жеңімпазға «Тұмар» мүсіншесімен қатар қомақты қаржылай сыйлық тағайындалады.
Бірлік Берікұлы, тілші:
- Жалпы дүйім жұрт «Тұмар» бәйгесі туралы жақсы біледі. Телевизиялық байқау 2017 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Содан бері отандық телевизия саласында тер төгіп жүрген жандардың ерен еңбектері елеусіз қалмай, марапатталуда. 2017 мен 2019 жылдар аралығында телевизия саласының 36 кәсіби маманы «Тұмар» мүсіншесінің иегері атаныпты. Ал бәйгенің тарихында жалпы саны 898 өтінім қабылданған. Өздеріңіз байқағандай мұнда тым-тырыс. Биылғы марапаттау жаһанның жартысын жалмаған қауіпті індетке байланысты көрерменсіз өтеді. Әйтпесе осыған дейін бұл алаң тотыдай түрленіп, думанды дүрмек қызу өтетін. Сәйкесінше қатысатын адамдар саны шектелді. Ұйымдастырушылар, қазылар алқасы мен қатысушылар ғана төбе көрсететін болады. Жалпы жеңімпаздардың тізімін алдағы уақытта жариялайтын боламыз. Айта кетейік, бәйгеге «Хабар» арнасының ұжымы да қатысып жатыр.