Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 9-ға жетті
Қазір 1644 адам стационарлық және 628 адам үй карантинінде. Қытай Халық Республикасы мен індет қаупі жоғары елдерден келген азаматтар қатаң бақылауда. Олардың жалпы саны – 2537, соның ішінде 1А санатына жататындар – 1626, 1Б санатындағылар – 564, ал 2-інші санаттағылар – 347 адам. Осы 2537 адамның 480-іне қатысты бақылау алынып тасталған. Яғни тап қазір бақылауға алынған азаматтар саны – 2057. Айта кетерлігі: коронавирустың таралуына байланысты желіде жалған мәлімет те көбейді. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігі халықты тек ресми ақпаратқа сенуге шақырып отыр.
Диас Ахметшәріп, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі:
- Құрметті қазақстандықтар! Коронавирус індетін науқастар саны 9-ға жетті. Соңғы тіркелген – Алматы қаласында Германиядан ұшып келген 2008 жылы туған қыз. Қазір Алматы қаласы бойынша 7 науқас, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 2 адам – барлығы 9 адам тіркелді.