Шағын және орта бизнеске қолдау көрсетіледі
Сондай-ақ 1 тоқсанға дейін өсімпұл есептелмейді. Ал 7 мыңға жуық ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер жерге салынатын салықтан босатылды. Бүгінгі Үкімет отырысында осы мәселелер жан-жақты талқыланды. Шағын және орта бизнесті қолдау және еңбек нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін Үкімет 7 бағыттан тұратын дағдарысқа қарсы жедел шаралар топтамасын бекітті. «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы мен «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларын синхрондау арқылы саланы несиелендіру 1 трлн теңгеге дейін ұлғаяды. Бұл ақша импортқа тәуелділікті азайтып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмсалады. Қаржы алдымен отандық тауар өндірушілерге беріледі. Несие бойынша түпкілікті сыйақы мөлшерлемесі 6% болады. Төтенше жағдайға байланысты кәсіпкерлердің көбі жұмысын тоқтатуға мәжбүр болып отыр. Оның ішінде туристік агенттіктер шығынға батуы мүмкін. 6000 агенттікте 80 мың адам еңбек етсе, олардың 90% – әйел адам. Төтенше жағдайға байланысты сәуірдің аяғына дейін жоспарланған саяхаттар тоқтатылды. 13 мың шетелдік турист келмейтін болды.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
- Отандық өнімдерді одан әрі көбейту және ұлттық экономиканың импортқа тәуелділігін азайту мақсатында қазақстандық өндірушілерді қосымша қолдау шаралары қабылданады. Ішкі нарықты толықтыру және өндірісті ынталандыру үшін ұлттық экономиканы кредиттеу көлемі айтарлықтай ұлғайтылады. Төтенше жағдай кезінде төлемдерін кешіктіру бойынша қарыз алушыларға айыппұл есептелмейтін болады. Банктер кәсіпкерлерге төлеуді кейінге қалдыру мүмкіндігін жасауы керек.