Павлодарда бизнесті қолдаудың қосымша шаралары қолға алынады
Оларды қолдауға мемлекеттік бағдарлама шеңберінде 3 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді.
Ақмарал Есімханова, тілші:
- Қазіргі уақытта облыста әлеуметтік сала мекемелері үздіксіз жұмыс істеп жатыр. Ал төтенше жағдай кезінде кәсіпкерлік саласы зардап шекпес үшін тиісті шаралар кешені қолға алынады. Бұл туралы облыстық комиссияның экономика және бюджет мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияда сөз болды.
Депутаттар шағын және орта бизнесті қолдау тетіктерін талқылады. Сала мамандарының айтуынша, қолдау жұмыстары мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде көрсетіледі. Мәселен, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 2,1 млрд теңге қарастырылған. Оның 1,7 млрд теңгесі проценттік мөлшерлемені субсидиялауға бағытталмақ. Сонымен қатар «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша қосымша қаржы бөлінеді. Бүгінде осы бағдарлама бойынша 141 жоба жүзеге асырылуда. Бұл игілікке 40 млрд теңгеге жуық қаржы бөлу жоспарланған. Мамандардың айтуынша, төтенше жағдай кезінде жолаушылар тасымалы қызметі зардап шегуі мүмкін. Себебі жолаушылар легі айтарлықтай азаяды. Мәселен, Ресейге жолаушы тасымалдайтын 10-ға жуық бағыт уақытша тоқтатылды. 82 халықаралық рейс жүргізушілері демалысқа кетті.
Ақмарал Есімханова, тілші:
- Бүгінгі таңда Павлодар облысында 45 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Ірілі-ұсақты кәсіпорындарды қолдау шаралары туралы облыс әкімінің орынбасары Сәкен Шаяхметов мәлімдейді.
Сәкен Шаяхметов, облыс әкімінің орынбасары:
- Біз кәсіпкерлер мен өнеркәсіп үшін осы кризистің әсерін қысқартуға тиіспіз. Осы жылы «Бизнестің жол картасы-2025» және «Еңбек» бағдарламасына 6,7 млрд теңге қаржы бөлінген. Ол нақты 3 мыңнан астам жобаны және 1 мыңнан астам тұрақты жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталады. Өңірдегі қарапайым заттар экономикасына 38,9 млрд теңге бөлінген. Аталмыш жоба бойынша 141 жоба бар. Біз оның 82-сін мақұлдадық.
Айта кетейік, кәсіпорындар коронавирустың таралуын алдын алу мақсатында жиындарын селекторлық режимге ауыстырып жатыр. Жалпы облыста зарарсыздандыру шараларына қосымша 39 млн теңге бөлінген. Мамандардың сөзіне сенсек, медицина ұйымдарында қажетті дезинфекциялық құралдар мен бұйымдар қоры жеткілікті. Бұл қолдау шараларының бір парасы ғана.