Хабар телеарнасы

Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларындағы ірі сауда орталықтары жабылды

Бұл шара коронавирустың таралуын болдырмау мақсатында қолға алынып отыр. Дегенмен ондағы азық-түлік супермаркеті мен дәріхана жұмысын тоқтатпайды. Ал тұтынушыларға тегін бетперделер таратылып, дене қызуы тексеріледі.

Ірі сауда-ойын-сауық орталығындағы киім-кешек дүкендері мен ойын орталықтары, тамақтану орындары толықтай жұмысын тоқтатты. Мұндай шешім қабылдауға сауда нүктелерін жалға алушылардан келіп түскен өтініштер себеп болған. «Қауіпсіздікті сақтау – ортақ мақсат», – дейді сауда желісінің иесі Нұрлан Смағұлов. Сауда орталығындағы жалға алушылар үшін жеңілдіктер қарастырылған.

Нұрлан Смағұлов, «Astana group» президенті:

- Төтенше жағдай кезінде жалға алушылар сауда орындары үшін жалдайтын құнын төлемейді. Коммуналдық шығындарды төтенше жағдай біткен соң есептейміз. Біз барынша жалға алушылардың жағдайына қарадық. Оларға да оңай емес. Несиесі бар, ұжымы бар. Мұның бәрін қарастырдық. Төтенше жағдай уақытында жұмыс орнын қысқарту болмайды.

Дегенмен «MEGA» кешендерінде азық-түлік супермаркеті мен дәріхана жұмысын жалғастыра береді. Келушілерге тегін бетперделер таратылып, тепловизор арқылы дене қызуы тексерілуде. Төтенше жағдайға байланысты қабылданған шешімнің ірі сауда орталығына әкелетін шығыны да аз емес.

Нұрлан Смағұлов, «Astana group» президенті:

- Жұмыс бір айға тоқтаса, шығын көлемі 1 млн долларға жетеді. Алайда бұл бізге қорқынышты емес. Біз үшін денсаулық маңызды. Шыққан шығын орнына келеді.

«MEGA» ОСО желісінде 800-ге жуық жалға алушылар бар. Олар қазіргі уақытта жұмыс істемейді.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Нұрдәулет Жақсыбаев