Нұр-Сұлтанда өткізу-тексеру бекетін айналып өтуге ұмтылған 7 адам ұсталды
Арасында «ақша төлесең, кедергіден өткіземін» деп өзгелердің қалтасын қаққан пысықайларда бар. Төтенше жағдайда тәртіп бұзғандармен күрес қалай жүргізіледі?
Нұр-Сұлтан қаласы карантинге жабылғаны көпке белгілі. Аз уақытта блокбекетті айналып өтуді кәсіпке айналдырғысы келгендер пайда болған. Жеке тасымалдаушы бұл қызметін 50 мың теңгеге бағалапты. Бірақ жоспары іске аспады. Осы фактіні қоса алғанда тәртіп сақшылары қалаға кіруге және шығуға әрекет еткен 7 адамды ұстаған.
Ғосман Жакин, жергілікті полиция қызметінің басқарма басшысы:
- Адамдардың әрекеті таңғалдырады. Мынадай жағдайды анықтадық. Бір топ маман электр желісін жөндеу үшін қала сыртына шыққан. Жұмысын аяқтап, кері қайтар кезінде сол маңдағы келіншек олардың көлігінің артқы бөлігіне жасырынып алады. Бекетте техниканы тексеру кезінде біз оны тауып алдық. Ал жүргізушінің одан хабары да болмаған.
Мамандар қала шекарасы далалық аймақтарда да қатаң күзетке алынғандығын айтады. Ол үшін кей аймаққа бейне бақылау орнатылса, басқа бөліктері квадракоптермен қадағаланады. Тәртіп бұзғандар сол арқылы ұсталған.
Ердәулет Ыбырайұлы, тілші:
- Ескеріңіз, блокбекеттен тек қана азық-түлік тасымалдайтын көліктер кіргізіледі. Сонымен қатар денсаулығына байланысты қаладағы ауруханаға жолдама алған науқастар және транзиттік жолаушылардың өтуіне рұқсат. Бірақ оның өзінде міне көріп тұрсыздар, полиция қызметкерлері оларды бір посттан келесі постқа дейін шығарып салады. Себебі олардың қала аумағында қалып қоймауына мамандар толық көз жеткізуі керек. Қауіпсіздік осылай сақталуда.
Бекетке келген әр адамның құжаттарынан бұрын дене қызуының бар-жоқтығы тексеріледі. Ол үшін мұнда арнайы медициналық топ бекітілген.
Әсемгүл Қазизова, медициналық қызмет басшысы:
- Дене қызуы бар адамдар жоқ. Егер ондай адамдар анықталатын болса, бізде жеке бас қорғау киімдері, өзіміздің қызмет алгоритмдарымыз бар. Изолятор және жедел жәрдем қызметіміз де бар.
Блокбекет карантин кезінде тәулік бойы жұмыс істейді. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша олардың саны алтау.
Авторлары: Ердәулет Ыбарайұлы, Қанат Әбілдин