Қарағанды облысында жылқыға тиген аурудың өршуіне байланысты карантин жарияланды
Қарағанды облысының 4 ауылында жылқыға тиген аурудың өршуіне байланысты карантин жарияланды. 2023 жылдың мамыр айында Бұқар жырау ауданының Үміткер ауылында жұмыр тұяқтылар белгісіз кеселден қырылған еді. Зертханалық тексеруден соң мамандар бұл лимфангит дерті деген диагноз қойған. Мұндай кесел жұқтырған жылқының денесін ірің жайлап, жүріп-тұрудан қалады. Кейін індет Үлгі, Төрткөл, Ынталы ауылының малына да тараған. Қазір бұл елді мекендерде жылқы союға, еті мен сүтін саудалауға тыйым салынған. Ауырған 180 бас малдың көзі жойылды. Тағы 10-нан астамы оқшауланған. Негізі әлемде бұл індетке қарсы ем әлі күнге дейін жоқ. Бірақ отандық ғалымдар дәл осы кеселге вакцина ойлап тапқандарын мәлімдеді. Енді ол сынақтан өтпек.
Ержан Бекетбаев, ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті облыстық инспекциясының басшысы:
-Бұл ауруға тән бүгінгі кезде Отар ғылыми-зерттеу институтының биологиялық проблемалар бойынша ғылыми-зерттеу институтынан вакцина шығарылған. Енді осы вакцинаны осы мынау практикалық түрде жаңағы карантин қойылған аумақтың сау малдарына егу жүргізуге дайынбыз.