Алматылық тұрғындар әлеуметтік желіде челлендж бастады
Тіпті олар карантин уақытында да әлеуметтік желі арқылы көпшіліктің көңілін көтеріп, елдің ертеңгі күнге деген сенімін нығайтуды көздейді.
Әлеуметтік желіде тарап жатқан бейнероликтер мен посттар бірінші кезекте медицина мамандары мен полиция қызметкерлеріне арналады. Ол түсінікті. Өйткені басын қатерге тігіп, қауіпті дерттің алдыңғы шебінде жүрген мамандарға дәл қазір қолдау қажет.
Ғаламтор желісінде елдің еңсесін тіктеу мақсатында ұйымдастырылып отырған мұндай шараларды өнер жұлдыздары да іліп әкетті. Студиядан жанды дауыста ән салған «Үркер» тобы енді үйден шықпай-ақ концерт беруді жоспарлап отыр.
Әлеуметтік желіде короновирустан қалай сақтану керектігі жөнінде челлендж басталып, оны ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов жалғастырды. Бұл эстафетадан волонтерлер мен қарапайым тұрғындар да қалыс қалмады.
Адам баласы қорқынышты ойлардан арыла алмаса, ауруын асқындырып алуы әбден мүмкін. «Ал сабырлық танытса, денсаулығын сақтап, көңіл көтерсе, сергіп қалады», – дейді ғалымдар. Әлемді дүрліктірген қатерлі дерт талайлардың еңсесін еңкейтіп, санаға салмақ салды. Осындай кезде халықтың көңілін көтеріп, бойдағы үрейді сейілту мақсатында Алматылық позитивті жандар үйден шықпай-ақ әртүрлі шара ұйымдастырып жатыр. Біреуі балконнан музыка аспаптарын шығарып, әдемі әуен төксе, енді бірі терезеден домбырамен «Алтынай» әнін құйқылжыта шырқады. Ауласы бос, ауасы тазарған Алматының қазіргі аурасы осындай.
Авторы: Жандос Айтбайұлы