Жамбыл облысында 29 жастағы азаматтың коронавирус жұқтырғаны анықталды
Соңғы мәліметтер бойынша еліміздің үш өңірінде қауіпті індетке шалдыққандар тіркелді. Белгілі болғандай, олардың бірі Нұр-Сұлтаннан Шымкентке барған. Екіншісі Қырғызстаннан жүк тасымалдаумен айналысатын азамат болып шықты. Ал үшіншісі Ресейден пойызбен келген соң денсаулығы нашарлаған. Қазір олармен қатынаста болған адамдар толық анықталып, карантинге жатқызылды. Тиісті талдамалар алынып, алғашқы нәтижелері белгілі болды.
Елде төтенше жағдай жарияланды. Дегенмен өзге елден азық-түлік тасымалдауға рұқсат. Осы қағидаға сай Жамбыл облысының 29 жастағы азаматы 22 наурызда қырғыз еліне кептірілген жеміс-жидекке барған. Ол Бішкек қаласынан 15 шақырым жерде жүк тиеп, 23 наурыз күні кері қайтқан. Дәрігерлер: «Науқастың жағдайы тұрақты», – деп отыр. Ал онымен қарым-қатынаста болған 13 адам анықталып, барлығы карантинге оқшауланды. Барлығынан індеттің жұқпағандығына көз жеткізу үшін сынама алыныпты.
Марат Жұманқұлов, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Дәлелдеу, зерттеу мақсатында қосымша Алматы қаласындағы вирусологиялық лабораторияға тағы да жіберіліп отыр. Азаматпен тығыз қарым-қатынаста болған адамдар бүгінде түгелдей анықталды. Олардың барлығы медициналық бақылауда. Тұрғылықты жерінде, ошақтарында залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Тиісті шаралар белгіленген алгоритм бойынша жасалды.
Шымкент қаласында анықталған науқастың жасы 24-те. Ол 20 наурызда Нұр-Сұлтан қаласынан Шымкентке қалааралық автобуспен келген. Ол басы ауырып, ыстығы көтеріліп, жөтел пайда болған соң жергілікті емханаға жүгінген. Диагнозын анықтаған ақ халаттылар науқасты жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызған. Айта кетейік, науқас мінген автобус пен онда болған 35 адам анықталды. Қалған 16 жолаушы іздестірілуде. Сондай-ақ науқас тұрған шағын ауданға карантин жарияланады.
Темірхан Варзилов, қалалық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
- Қазіргі таңда оның жағдайы бірқалыпты. Қанағаттанарлық дәрежеде. Сондай-ақ науқастың отбасы мүшелері де ауруханаға жатқызылды. Себебі қатынаста болған. Олардың да жағдайы қанағаттанарлық дер едім. Жалпы оқшаулауға алынды.
Петропавл. Мұнда 27 жастағы тұрғыннан коронавирус анықталды. Ол наурыздың 23-і Омбыдан пойызбен келіпті. Белгілі болғандай әуелі жолда ауырған. Үйіне келіп тағы бір күн жатқан. Тек содан кейін дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Бүгінгі таңда онымен қатынаста болған 80 адам анықталды. Олардың арасында шекара қызметкерлері де бар. Айта кетейік, науқас тұрған үйдің подъезі карантинге жабылды. Санитар мамандар онда залалсыздандыру жұмыстарын жүргізіп, тұрғындардың кіріп-шығуына тыйым салынды. Қазір онда полиция кезекшілік етіп отыр.
Тимур Сұлтанғазиев, Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Қазіргі таңда науқастың жағдайы жақсы. Дене қызуы түсті. Шағымы жоқ. Онымен қатынаста болған барлық адам анықталып, карантинге жабылды. Олардың анализі зерттеуге алынды.
Алматыда соңғы тәулікте тіркелген екі науқастың бірі Цюрихтен ұшып келген. Ол туған-туыстарымен жақын қарым-қатынаста болмаған. Тек таксимен жалдамалы пәтерге келген соң дәрігерлерге қаралып, тест нәтижесі бойынша ауруханаға жеткізілген. Ал екінші адам науқаспен байланыста болған екен. «Қатерлі дерттің алдын алуда кешенді іс-шаралардың дер кезінде қолға алынуы оның жаппай таралуына жол бермеді», – дейді қаланың бас санитары. Мәселен, наурыздың 12-сінен 13-іне қараған түні Берлин – Минск – Алматы рейсімен келген ұшақта вирусты жұқтырған бірнеше жолаушы болыпты.
Айзат Молдағасымова, Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы:
- Берлиннен чартерлі рейспен келген 12 адамның, оның ішінде тоғызы жолаушы, үшеуі экипаж мүшесі жеке-жеке бокстарға жатқызылып, тексерістен өтті. Нәтижесінде жетеуінен, яғни алты жолаушы мен бір бортсеріктің қауіпті вирусты жұқтырғаны анықталып, олар ауруханаға оқшауланды.
Сондай-ақ Айзат Молдағасымованың айтуынша, Алматыға еліміздің әр аймағынан көмекке 82 маман келді. Дәрігерлердің арасында сарапшылар мен эпидемиологтар бар.
Авторы: Ердәулет Ыбырайұлы