Алматы қаласындағы коронавирустың 15 ошағы бар
Барлығына сабырмен қарап, санитарлық тазалықты қатаң ұстану керектігін айтады. Үйде бос отырмай, білімін жетілдіріп, бала тәрбиесіне айрықша мән беріп, шығармашылықпен айналысып жатқандар да бар.
Оқшауланған Ақкент тұрғын үй кешеніндегі дәл осы үйде 63 отбасы тұрады. Кешкісін пәтерлердің бірінде тұратын азаматты жедел жәрдем алып кеткен еді. Оның коронавируспен ауыратындығы белгілі болған соң, кіреберіс жабылды. Енді бұл үйдің тұрғындарына аула тұрмақ дүкенге барып-келуге рұқсат етілмей отыр. Қажетті заттарын жақындары немесе тапсырыс беру қызметі жеткізіп береді. «Ал санитарлық тазалау жұмыстары жиі жасалып тұрады», – дейді өзге үйдің тұрғындары.
Айзат Молдағасымова, Алматы қаласы Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы:
- Қауіпті тұмаумен ауырған адаммен 15 минуттан артық қарым-қатынаста болу вирус жұқтыруды арттырады. Ал қалада сондай адамдар анықталып жатыр. Сондықтан карантинге жабылған үйлердің тұрғындары індетке шалдығуы ықтимал. Қазір олардың барлығы медициналық бақылауға алынды.
Жалпы қазіргі уақытта қалада аурудың 15 ошағы бар. Оларда екі сағат сайын дезинфекциялау өткізіліп тұрады.
Алмас Садуақас, тілші:
- Әзірге қаладағы көпқабатты үйлердің барлығында тазалауыш құрылғылар жоқ. Дегенмен дәл осы тұрғын үй кешенінде санитайзерлердің орнатылғанына бір жетіден асқан. Бұл – ең алдымен тазалықтың және жауапкершілікті сезінудің белгісі.
Гоголь көшесіндегі бұл үйдің тұрғындары бес күннен бері ерекше бақылауға алынған. Ауланың сыртына шығуға рұқсат жоқ. Ал зейнеткер Айман Темірғалиқызы уайымға салынбайды. Күнделікті ерте тұрып, серуендеп, бойын шынықтырады екен.
Айман Темірғалиқызы, зейнеткер:
- Бұрынғы жүгірісіміз кішкене азайып қалды. Мектепке барып, немерелердің артында жүруші едім, енді қазір уақытым көп болып жатыр. Үйде оқылмай қалған кітабымды оқып жатырмын. Аздап жазатыным бар. Жазып та қоямын. Сынақтың талайы басымыздан өтті. Бұл сынақтан да өтеміз. Бәрі жақсы болады.
Желтоқсан көшесінде төрт күн бұрын оқшауланған үйдің тұрғындары да терезеден телміріп, далаға қарап қояды. Ауладағы полиция күзеті қатал. Санитарлық тазалау жиі жасалады. Сыртқа шыға алмайтын тұрғындарға көршілері көмектесіп тұрады.
Беньямин Вольф, Германия азаматы:
- Карантин уақытында Қазақстан қатаң қадағалау тәртібін дер кезінде қолға алды. Германиядағы бақылау дәл осы Алматыдағыдай емес. Бұл – өте дұрыс шешім. Әсіресе ауланы күндіз-түні күзететін тәртіп сақшылары өз міндетін ойдағыдай орындап жатыр.
Сәуір болмай тәуір болмас. Сәуір айында қауіпті тұмаудың беті қайтып, түрленген табиғатпен бірге өмір де жаңарып, жақсарар деген үміт басым.
Авторлары: Алмас Садуақас, Эдуард Кон