Қызылордада күніне 2 мың маска тегін таратылады
Игі шараға волонтерлер үлес қосуда. Олар аялдамалар мен қоғамдық көліктерде бір рет пайдалануға арналған медициналық масканы жұртшылыққа үлестіріп жүр. Айта кетейік, бұған дейін ерлер жейдесін тіккен кәсіпорын бүгінде күніне 20 мың дана бетперде шығаруда. Оның 10 мыңы дәріханаларға, қалғаны түрлі мекеме мен жеке тұлғаларға беріліп отыр. Бұл жұмысқа 100 адам жұмылдырылған. Осылайша өз кәсібін уақыт сұранысына сай бейімдеген серіктестік өңірдегі медициналық бетперде тапшылығын жоюға білек түре кірісті. Және өзге де кәсіпкерлерді айтулы акцияны қолдауға шақырды.
Аида Қажымқан, тігін фабрикасының басқарушысы:
- Қалада болып жатқан «Біз біргеміз» акциясының аясында біз «Мейірімділік аптасы» атты эстафета бастағанбыз. Күніне 1000-2000 масканы автобустарда тегін таратудамыз. Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасын қолдайық деген шешімге келдік.