Қажытай Шалабаев Қажымұқан сыйлаған ұшақпен 120 рет жауға қарсы шабуыл жасаған
Маңдай терімен тапқан 100 мың сомға ұрыс техникасын жасатқан балуанның өз өтініші бойынша тізгін қазақ ұшқышына берілді.
Семейлік сайыпқыран Қажытай Шалабаев бұл сенімді ақтай білді. Жауға қарсы 120 рет шабуыл жасап, күйрете соққы берді. Өкініштісі сол, батырдың есімі ескерусіз қалды.
4 жасында әкеден айрылған Қажытай еңбекке ерте араласып, жастайынан Семейдегі кеме жасау зауытында жұмыс істеді. Есейе келе алдымен Ақтөбедегі азаматтық авиация училищесінде, кейін соғыс басталып, Армавирдегі әскери жойғыш ұшқыштарды оқытатын мектепте білім алады. Ал оның әуедегі алғашқы сапарлары 1942 жылдың басында 284-ші әуе дивизиясы 701-ші әуе полкінде басталды. Даңқты балуан сыйлаған ұшақ жайлы тебірене әңгімелейтін.
Қажытай Шалабаев, Қажымұқан сыйлаған ұшақтың ұшқышы:
- «Қажытай, құттықтаймын! Туғандарың бай екен, саған ұшақ сыйлайды» деді. Мен сене алмадым. Менің ондай туған-туыстарым жоқ деп айттым. Содан полковник Семенов деген кісі Сталиннің телеграммасы келгенін айтты. Маған ұшақты тапсыру жөнінде екен. «Ұшақ қазір Қазан қаласында, өзің барып аласың ба, жоқ болмайтын болса, осында алып келеді» деді. Содан 1943 жылдың аяғында жаңа жылдың алдында сол ұшақпен ұша бастадым.
Жас ұшқыш Қажымұқан атасының сенімін ақтап, бұл ұшақпен 120 рет жауынгерлік тапсырманы сәтті орындады. Әсіресе түнгі ұрыстарда ерекше көзге түсіп, кеудесіне «Қызыл Жұлдыз» ордені, иығына аға лейтенант пагоны тағылды. Барлығы қан майданда 300-ден артық әуе кеңістігінде жаумен айқасып, жеңіспен оралған. Батыр ұшқыш бейбіт өмірде де адал еңбегімен елді сүйсінтіп, ұрпақтарын Отанды сүюге тәрбиеледі.
Ғазиз Шалабаев, батыр ұшқыштың ұлы:
- Ол өте әділетті әрі тәрбиеде бізге қатал болды. Туған өлкесін қастерлеп өтті. 2003 жылы 8 мамыр күні өмірден озып, біз оны 9 мамыр күні ақтық сапарға Жеңіс шеруі арқылы шығарып салдық.
Қажытай Мұсаұлы өмірінің 16 мың сағатын көкте өткізіпті. Бүгінде оның әулетінен 17 ұшқыш шыққаны кездейсоқтық емес шығар. Енді оның немере, шөберелері аталарының рекордын жаңартуға бел буған сияқты. «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран» деген осы.
Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы