Хабар телеарнасы

Асқар Мамин Қарағанды облысындағы кәсіпорындардың жұмысымен танысты

Асқар Мамин әуелі отқа төзімді материал шығаратын зауыт жұмысымен танысты. Жобаны жүзеге асыруға 1,7 млрд теңге инвестиция құйылған. Қазір мұнда 70 адам жұмыс істейді. Жылына 38 мың тонна өнім шығаруға қауқарлы. Оны көрші Ресей мен Қырғызстанға экспорттайды. Үкімет басшысы өзге салаларға қажет жабдықтар шығаратын бірқатар кәсіпорынға да барды.

Жақында Саран қаласында жолаушылар автобусы мен арнайы мамандандырылған техника шығаратын зауыт салынады. Құрылысқа 23 млрд теңге инвестиция тартылған. Қолданысқа берілсе 1 100 адамды жұмыспен қамтиды. Асқар Мамин осы сапары аясында тиісті меморандумға қол қойды.

Кеншілер өңіріне барған Премьер-Министр жылына 120 мың тонна болат пен шойын шығаратын алып кәсіпорынға да ат басын тіреді. Қазір мұнда 1 200 адам еңбек етіп жатыр. Карантин кезінде жұмысы тұралап қалмады. Осыдан кейін Асқар Мамин ферроқорытпа зауыты мен көмір байыту фабрикасының құрылысымен танысты. Өндіріс орындарын іске қосу үшін 36,2 млрд теңге жұмсалады. Бұл қаржының барлығын жеке инвестор бөледі. Үкімет басшысы азық-түлік сақтайтын қойманы да аралап көрді. Алпыс гектарды алып жатқан алып қойманың аумағы жақында 100 гектарға дейін жетеді. Оны кеңейту жұмыстары жүріп жатыр.

Ерлан Нығматулин, кәсіпкер:

- Бұл – жоғары технологиялық кәсіпорын. Оны салатын кезде экологияға зиян келтірмеуді ойладық. Соңғы үлгідегі түтін тазартқыш сүзгілер орнаттық.