Хабар телеарнасы

Шахтинскіде орман белдеуі қоқыстан тазартылды

Қарағанды облысы Шахтинск қаласында 722 гектар жерді алып жатқан орман белдеуі қоқыстан тазартылды. Бұл – қала тұрғындарының демалып, спортпен шұғылданатын сүйікті орны. Жалпы жаз бойы шаһар халқы мен 100-ден астам еңбек ұжымы саябақтар мен ескерткіштер аумағын тазалап, 15 мың тоннадан астам қоқыс шығарған.

Арсен Есенгелдіұлы, «Жасыл ел» жасағының мүшесі:

- Далада жатқан қоқыстың барлығын жинап жүрміз. Адамдар шашады, біз жинаймыз. Өзім жинап жүрмін. Өзімнің туған жерім – бұл. Қаланы таза ұстайық. Осы кеңесім. Қала таза болса, өзіміз де таза жүреміз.

Ал Көкшетаудағы Қылшақты өзені тазартылып жатыр. Соңғы жылдары суы тартылып, бетін балдыр басқан. Жаздың аптап ыстығында жағымсыз иісі қолқаны қабады. Өзенді тазартуға жеке инвестиция есебінен 403 млн теңге бөлінген.

Джанет Микишев, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:

- Қазіргі уақытта өзеннің Қопа көліне құятын бір шақырым бөлігі толығымен тазаланды. Ал қалған 4 шақырым осы уақытқа дейін мүлдем тазаланбаған. Жағасына қамыс өсіп, өзен түбіне тұрмыстық қалдықтар жиналып қалыпты. Енді соның бәрін сыртқа шығарып жатырмыз. Тазарту жұмыстары қараша айында аяқталады. Сондай-ақ өзендегі су балансын қалпына келтіру үшін ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз.