Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Отан қорғаушы күнімен құттықтады
Президент мемлекеттік шекараны әуе кеңістігін мызғымай күзеткен әрбір сарбазға шынайы ризашылығын білдірді.
«Бұл мерекеде біз өз өмірін Отан қорғауға арнаған, антына адал жандарға ерекше құрмет көрсетеміз. Мемлекеттік шекарамыз бен әуе кеңістігімізді күзетіп, армия және флот бөлімшелерінде әскери борышын өтеп жатқан барлық сарбазға шынайы ризашылығымды білдіремін. Коронавирус індетімен күрестің алдыңғы шебінде жүрген әскери қызметшілер, соның ішінде арнаулы жиындарға шақырылған азаматтар да алғысқа лайық. Олардың ерен еңбегі – шынайы патриотизм мен елге қызмет етудің жарқын көрінісі», – деді Президент.
Сондай-ақ Президент өз құттықтауында мемлекеттің қорғаныс әлеуетін күшейту басты міндет екенін айта келе, әскери қызметшілерді және олардың отбасын қолдаудың үзілмейтінін жеткізді.
Айта кетейік, 1992 жылы 7 мамырда Мемлекеттік қорғаныс комитеті Қазақстанның қорғаныс министрлігі болып қайта құрылды. Сол жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Қазақстанның Қарулы күштері құрылды. Ұлттық армия, әскери-әуе күштерін және әскери-теңіз флотын құру тәуелсіз Қазақстан тарихындағы маңызды белестер болды. 2012 жылы Елбасының бұйрығымен 7 мамыр мерекесі мемлекеттік мәртебе алды.
Биыл осымен 28-ші жыл қатарынан біз атап өтіп келе жатқан Отан қорғаушы күнінің қадір-қасиетін қаншалықты білеміз? «Отан отбасынан басталады» десек, «Отанды қорғау» дегеніміз әр ер азамат үшін, өз шаңырағының тұтастығын сақтаудан басталса керек. Ал туған жерді қорғау үшін қолға қару алу міндет емес. Отанды қорғау қарапайым, бірақ игі істен басталады. Бұл ретте біздің ұлт ұятты емес.
Бүгінгінің батырлары жасап жатқан батыл істер баршылық. Қарапайым бір мысал, былтыр Арыстағы жарылыс кезінде елдің азаматтары, ауызбіршіліктің айқын көрінісін үлгі етті. Тұтас ел болып, жапа шеккен халыққа көмек қолын созды. Күні кеше Түркістан облысының Мақтаарал ауданында болған төтенше жағдай мен коронавирусқа қарсы шаралар кезінде де Отанды қорғаушылардың қорғанын сезіндік.