ҰОС ардагері Владимир Белозеров сан мәрте ажалмен бетпе-бет келгенін айтты
Талай қиындықты бастан өткерген соғыс ардагері болашақта тек бейбітшілік болса екен деп тілейді.
Сан мәрте ажалмен бетпе-бет келген майдангер соғыстан кейін 30 жылға жуық құрылыс зауытында еңбек етті. Ардагер ұзақ жасаудың құпиясымен де бөлісті.
Бала кезінен тағдыр тауқыметін тартқан Владимир Белозеров 17 жасында мылтық ұстап майданға аттанады. Соғыста қаншама жора-жолдасынан айырылды. Өзі де сан мәрте ажалмен бетпе-бет келгенін айтады. Содан ауыр жараланады. Соғысқа кеткен бауырлары да қайтпапты. Бірақ тағдырдың қатал сыны Владимир Белозеровтың сағын сындыра алған жоқ.
Владимир Белозеров, соғыс ардагері:
- Біздің көргенімізді кейінгі ұрпақ көрмесін деп тілеймін. Тіпті қазір сол кездерді еске алудың өзі қорқынышты. Бір ғана Днепрді азат етер кездегі қиындықтарды айтсам, төбе шашыңыз тік тұрады. Қайықпен түнгі уақытта ғана жүземіз. Ал күндіз жау бомбылайды. Қалжырап қалаға жете берген тұста снаряд жарылып, қайығымыз аударылып қалды. Ажал құшқандар қаншама. Ал біздің көретін күніміз бар екен.
Владимир Белозеров Днепр, Воронеж, Харьков қалаларын азат етуге қатысқан. Жараланғаннан соң соғысқа жарамсыз болып, елге қайтады. Бірақ қан майдандағы ерліктері ескерусіз қалмады. «Қызыл жұлдыз» орденін иеленді. Ардегер 9 мамыр мерекесін асыға күтеді.
Владимир Белозеров, соғыс ардагері:
- 9 мамыр – біз үшін ерекше күн. Дәл осы күні соғыстан аман қайтқан ардагерлер жиналып, өткенді еске аламыз. Өкінішке қарай, биыл еліміздегі төтенше жағдай режиміне байланысты мерекені үйде отырып қарсы алатын болдық. Келер жылы кім бар, кім жоқ екенін бір Құдай біледі. Соғыс ардагерлерінің де қатары сиреп бара жатыр ғой. Десе де осы күнімізге шүкіршілік етеміз.
Соғыстан кейін Владимир Белозеров 30 жылға жуық құрылыс зауытында еңбек етті. Маңдай терінің арқасында басшылық дәрежесіне дейін көтеріледі. Көптеген марапатқа ие болды. Зейнет жасына шыққан соң жары Тамарамен табиғат аясында серуендеуді әдетке айналдырған.
Тамара Белова, ардагер В.Белозеровтың жары:
- Біз Володя екеуміз театрға барғанды жақсы көреміз. Кейде циркке кіреміз. Көбіне М.Лермонтов театрындағы қойылымдарға барамыз. Үйде мен оған кітап оқып беремін. Өйткені оның көру қабілеті нашар. Кітап оқып болған соң, таза ауада серуендейміз.
«95 жастағы Владимир Белозеров ұзақ жасаудың ешқандай құпиясы жоқ. Тек салауатты өмір салтын ұстансаңыз болды», – дейді.
Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Александра Салмина, Валентин Лобанов