Мақтаарал ауданында құрылыс қарқын алды
Қазір топан судан зардап шеккен тұрғындарға арнап салынатын тұрғын үйлердің іргетасы қаланып жатыр екен. Мырзакенттің шығыс жағындағы 50 гектар аймақта 40-тан астам құрылыс компаниясы жұмыс істеп жатыр. Ал құрылыс жұмыстарына облыс әкімінің тапсырмасына орай, Мақтаарал ауданының тұрғындары тартылған.
Қазір Мырзакенттің іргесінде құрылыс жұмыстары қыза түскен. Бір ғана компанияның өзінде 40-тан астам жергілікті құрылысшы еңбек етуде. Алғашқы 10 үйдің құрылысын маусым айының аяғына дейін аяқтау жоспарлап отыр. Әрбір үйдің көлемі 100 шаршы метр, ені мен ұзындығы 11-де 11 метр. Бүгін-ертең бетон құю жұмыстары басталады.
Бейсенбай Төребеков, Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары:
- Құрылыс жұмыстары толығымен басталып кеткен. Алдағы 2-3 айдың көлемінде толығымен бітуі тиіс деген жоспар бар. Қазіргі есеп бойынша, шығын келген 845 үй және әлеуметтік нысандар бар. Олардың шығыны жобалап есептелген. Ал нақты шығыны енді анықталады. Су басқан елді мекендерде қайта қалпына келтірілетін үйлер жөнделіп, ал қалыпқа келтірілмейтіндері жаңадан салынатын болады.
Мақтааралға көмекке аттанған қызылордалық құтқарушылар тәулігіне 9 мың текше метр су сорып, елді мекендерді тазартып жатыр. Сондай-ақ тұрғындардың топан суда қалған құнды заттары мен бірнеше автокөлігін шығарып берді. Жалпы 6 мамырдан бері Қызылорда облыстық ТЖД қызметкерлері 44 мың текше метр су шығарған. Бұл жұмыстарға 45 маман жұмылдырылып отыр.
Омар Бержанов, облыстық ТЖД басшысы:
- Қазіргі кезде 2-3 елді мекеннен 138-ге жуық жануардың, соның ішінде сиыр, түйе, жылқы, әсіресе қой мен ешкі ұсақ жануарлардың 138 өлі денесін шығарып, ветеренарлық қызметпен бірге арнайы жерге барып көму жұмыстарын жүргізіп жатыр.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, топан судан зардап шеккен түстіктегі ағайынға көмек қолын созып жатқан қайырымды жандардың қарасы қалың. Мұнда қоймаға соңғы бір аптада 408 тоннадан астам гуманитарлық көмек жиналған. Бүгінге дейін соның 100 тоннасы 11 эвакуациялық орталыққа жайғастырылған тұрғындарға үлестіріліп берілген.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш