Қостанай облысында баспаналы болудың жолы жеңілдей түсті
«Нұрлы жер», «Бақытты отбасы» жобаларына бөлінген пәтерлердің барлығы өз иелерін тауыпты. Алайда жеңілдетілген несие бәріне бірдей қолжетімді емес. Сондықтан күні кеше Президент ұсынған «5-10-20» бағдарламасына үміт артушылар көп.
Журналист Жандос Жүсіпбек былтыр отбасын құрып, жақында тұңғышы дүниеге келді. Осы уақытқа дейін пәтер жалдап келген әріптесіміздің ендігі арманы баспаналы болу. Талай талпынып көрген, бірақ қысқа жіп күрмеуге келтірмей жатты. Мемлекет басшысының кеше жариялаған «5-10-20» жобасы Жандостың жеке үйге қол жеткізсем деген үміт ұшқынын қайта маздатқандай.
Жандос Жүсіпбек, Қостанай қаласының тұрғыны:
- Баспанасы жоқ отбасылардың үй алуына бірден-бір кедергі осы жарна екендігі жасырын емес. Көп бағдарламаның алғашқы жарналары қымбат. Мынау бағдарламаны естіп, қуанып жатырмыз. «5-10-20» бағдарламасының ұсынып отырған мүмкіндіктері біздің көңілімізден шығады.
Сонымен жаңа несиенің үстеме ақысы 5% дейін, алғашқы төлем жарнасы екі есеге азайтылды. Бұл жобаны жүзеге асыруға бюджеттен 390 млрд теңге қаралған. Биыл елімізде тұрғын үй құрылысы ерекше қарқын алады. Жоспар бойынша барлығы150 мың пәтер тапсыру көзделіп отыр.
Сансызбай Жиентаев, экономика ғылымдарының докторы, профессор:
- Әсіресе жастарға көптеген мүмкіншілік беріп отыр. Егер басқа елді алсақ, мұндай жеңіл бағдарлама жоқ. Негізінде мұның бәрі де Қазақстан халқының экономикалық-әлеуметтік дамуын көтеру үшін, соған арналған дүние.
Тобыл өңірінде де құрылыс жоспары ауқымды. Қостанайдың өзінде Береке, Қонай деген жаңадан екі шағынаудан пайда болады. Ол аумақта 100-ден астам 5-9 қабатты үйлер салынады. Бұл жоба 2022 жылға дейін жүзеге асуы тиіс. Қазіргі кезде газ, су, жарық өткізу жұмыстары басталып та кетті.
Берік Таңжарықов, Қостанай облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:
- Бүгінгі күнде 19 үйдің проектік жобалық-сметалық документтері дайын. Оның ішінде 15 үй кредиттік үйлер, 4 үй жалға беру бойынша салынады. Соған қосымша бір қабатты, екі қабатты коттеждік үйлерді бір архитектуралық стиль бойынша салуды жоспарлап отырмыз.
Жалпы облыста «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша биыл төрт мыңнан астам баспана пайдалануға беріледі. Соның бірі Жандосқа бұйырар деген ойдамыз.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг