Орал қаласында соңғы жылдары спорт алаңдары жаппай салынуда
Осыған байланысты шаһар басшылығы былтырдан бері спорт алаңдарын күтіп-ұстауға жете көңіл бөлуде. Бұл мақсатқа биыл 20 млн теңге қаражат қаралып отыр.
Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:
- Орал қаласында спорт алаңдары 2010 жылдан бері жаппай салына бастады. Күні бүгін шаһарда 52 ашық спорт нысаны бар. Соның бірі – қала орталығындағы «Street Workout» алаңы. Бұл жер – көше гимнастикасымен шұғылданушылардың сүйікті орны.
22 жастағы Дастан Бижановтың аталған спорт түрімен айналысқанына 3 жылдың жүзі болыпты. Осы мерзімде ол ел біріншілігін бағындырып қана қоймай, Азия чемпионы атанған екен. Көше гимнастикасымен шындап шұғылдануына спорт нысандарының көптеп салынуы әсер етіпті.
Дастан Бижанов, «Street Workout» қозғалысының мүшесі:
- Осы уақыт ішінде біздің қозғалыстың саны өте қатты өсті. Басшылыққа рахмет айтамын. Жаппай спортты қолдаған дұрыс деп санаймын. Қазіргі таңда өкінішке қарай көптеген алаң бұзылған, сынған. Соның бәрін дұрыстау керек.
Оралда бүгінде 52 спорт алаңы бар. Бейнебақылау бар жерде олардың жай-күйі жақсы болғанымен, көзден таса жердегі спорт инвентарьлары бұзақылардың қолынан зардап шегіп жатыр. Әрине, оны бүлдірген бүлдіршіндер емес.
Әйгерім Әбдіреш, қала тұрғыны:
- Маған тренажерлер ұнайды. Достарыммен күн сайын келемін. Үлкен кісілер келеді. Сосын сындырып кетеді. Сындырмайды, бірақ отырғанда сынып қалуы мүмкін. Содан бұзыла бастайды.
Қаладағы бүлінген спорт алаңдарына өткен жылы 20 млн теңге бөлініп, жеті алаңның төсемі ауыстырылыпты, 30-ы жөнделген. Биыл да осынша көлемде қаржы қаралған. 6 алаңның жасанды көгалы резеңке түйіршіктерінен жасалған жабынға алмастырылмақ. «Дегенмен бюджеттен бөлінген қаражат жеткіліксіз», –дейді мамандар.
Есқабыл Жалмұрзиев, «Орал» спорт клубының директоры:
- «Орал» спорттық клуб балансымызда 52 алаң бар. Соның ішінде оны қысқы спорт түрімен айналысуға бағытталған. Биыл алты спорт алаңын жөндеп жатырмыз. Әлі он алаң жөндеуіміз керек. Оны келесі жылға жоспарға қойып отырмыз.
Биыл облыс орталығында кем дегенде он спорт алаңын салу жоспарланған. Спорттық нысандармен қатар балалардың 250-дей ойын алаңы бар. Олардың жай-күйі де жіті зерделеуді, жөндеуді қажет етеді.
Авторлары: Ерденбек Жылқайдарұлы, Руслан Ғазезов