Жаңаарқалық электриктер 17 ай бойы жалақыларын алмаған
Осылайша әрқайсысының алашағы шамамен 700 мың теңгеге жетіпті. Базыналарын айтып бармаған жерлері жоқ. Әзірге нәтижесіз.
Жаңаарқа ауданының электриктері жалақыларын талап етіп, бас кеңсеге күнде келеді. Бірақ нәтиже жоқ. Себебі олар еңбек ететін мекеме қазір жабылудың аз-ақ алдында тұр. 17 ай бойы жалақы алмаған азаматтар жыл ішінде талай есікті тоздырыпты. Енді қайда барып шағынарларын білмей, шарасыз күйге түсіп отыр.
Оразғали Сәкенов, электрик:
- Ақша жоқ дейді. «Казэнергоорталықтың» да шоттары жабық екен. Әкімдік жиналысқа шақырады, «бастықтарыңды сотқа беріңдер» дейді де қояды. Ал бастықта үйі мен машинасынан басқа ештеңе жоқ, ол бізге жалақыға жетпейді. Сіздерден көмек сұраймыз.
18 мың тұрғыны бар Жаңаарқа кентінің жарығына «Сакен и компания» мекемесі жауапты. Бірақ олар осы күнге дейін өз міндеттерін тиісті деңгейде атқармай келген. Электр желілері 1974 жылдан бері жаңартылмапты. Соның салдарынан сәл жел тұрса болды, үзіліп, жұртты әбігерге салады екен.
Жасұлан Көпжасаров, электрик:
- Қарапайым халық зардап шегіп отыр. Жарыққа бір төлейді. Сосын сөніп қалса, бізге хабарласады. Бізде жалақы жоқ қой, сондықтан жалғату үшін бізге бес мыңнан он мыңға дейін ақша төлейді. Өйткені басқа істейтін адам жоқ.
Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, қазір «Сакен и компания» мекемесінің есепшотында ешқандай ақша жоқ. Ал оларға қаржыны тұтынушыларға тоқ сататын «Қазэнергоорталық» мекемесі аударуы тиіс болатын. Бірақ шығын көп болғандықтан олар ақша беруден бас тартқан. Зардабын жұмысшылар тартып отыр.
Ермағанбет Бөлекбаев, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары:
- «Сакен и компания» ешқандай жұмыс жасап жатқан жоқ, адамдары да жоқ. Олардың жері қазір дереликцияда тұр. Қазан айында мерзімі бітеді. Сол кезде мемлекет, Жаңаарқа ауданының әкімшілігі өздерінің балансына алады.
«Егер электр желілері мен қондырғылар коммуналдық меншікке өтсе, жұмыс жолға қойылып, келешекте электриктерге жалақы төленеді», – дейді атқарушы билік. Бірақ олар бұған дейінгі алашақ ақшаларын тек сот арқылы жауапты мекемеден өндіруі тиіс. Демек, оған қол жеткізудің өзі енді екіталай.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Аслан Демесбаев