Хабар телеарнасы

Баспанамен қамту: «5-10-20» бағдарламасының шарттары

Қазір елде бірнеше бағдарлама тиімді жұмыс істегенімен, пәтер алу кезегінде тұрған қазақстандықтар әлі де болса көп. Бұл мәселе әсіресе қазіргі қысылтаяң шақта күрделене түсуі әбден мүмкін. Осыны ескерген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке баспанамен қамтудың жаңа бағдарламасын іске қосуды тапсырды.

Риат Шони, тілші:

- Елде құрылыс қарқыны таңғалдырады. Мамандар жыл сайын рекорд жасап жатыр. Биылғы жоспар да ауқымды. 2020 жылы Қазақстандағы құрылыс көлемі 15 млн шаршы метр болмақ. Бұл – 150 мың пәтер мен үй. Былтыр «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша елімізде әлеуметтік аз қамтылған төрт мың отбасы баспаналы болған еді. Былтырғы статистиканы алғандықтан, өткен жылғы деректерге сүйенсек, 2019 жылы Қазақстанда төрт және одан да көп бала тәрбиелеп отырған 340 мыңдай әлеуметтік аз қамтылған жанұя болған. Оның 31 725-і баспанаға мұқтаж ретінде ресми түрде әкімдіктерде кезекке тұрған еді.

«Әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды баспанамен қамту бойынша атқарылған жұмыс әлі де болса жеткіліксіз», – деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке баспанамен қамту бағдарламасын кеңейтуді тапсырған және бұл мәселе ерекше бақылауда болатынын да айтқан. Енді жуырда Президент кезекте тұрғандардың мәселесін шешу үшін несиелік баспанамен қамту бойынша «5-10-20» атты бағдарламаны іске қосуды тапсырды. Бұл мақсатқа 390 млрд теңге қаржы бөлінеді. Бағдарлама аясында кредиттеудің ставкасы 5% болмақ. Баспанаға қол жеткізу үшін пәтер құнының 10% бастапқы жарна ретінде салу керек. Ал несие 20 жылға беріледі.

Енді бұл тың бағдарламаға кімдер қатыса алады? Талаптары қандай? Ол жайлы «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ орталық филиалының директоры Жансұлтан Матаев айтып береді.