Ел аймақтарында Батырхан Шөкеновтің туған күні атап өтілуде
Көзі тірі болғанда өнер иесі биыл 58-інші көктемін қарсы алар еді.
Бүгін қазақ елі көзі кетсе де, қоңыр үні мен жүрек тербейтін әндері көңілден кетпеген, әлемдік деңгейдегі музыкантты еске алды.
«А-Студио» тобының бағын ашқан ән 1989 жылы жазылған еді. Жүректерде жатталып, танымал әнге айналуының сыры Батырхан Шөкеновтің қоңыр даусында болса керек. Осы әннен кейін-ақ ерекше орындау мәнері мен қайталанбас қолтаңбасы арқылы әнші тыңдармандарын керемет музыкалық туындылармен сусындатты.
Сайын дала, жаңа өмір, кіндік қан тамған жер, Отан деген қасиетті ұғымдарды бір ән арқылы ұғындыру. Ақын үшін де, сазгер мен әнші үшін де нағыз бақ осы шығар. Тұманбай Молдағалиевтің сөзіне жазылған Қуат Шілдебаевтың «Отан ана» әні Батырхан Шүкеновтің өнердегі төлқұжатына айналды. Әнші алғашқы альбомын да «Отан ана» есімімен жарыққа шығарған болатын.
Роза Рымбаева, Қазақстанның Халық Артисі, ҚР Еңбек Ері:
- Батырхан Шүкенов – біздің қазақ өнеріндегі батыр. Себебі оның шығармашылық өмірі, өнері үлкен батырдың жеңісімен теңестіруге болады. Тек қана жоғары биік деңгейде өнерін көрсетіп, қазақ өнерін, қазақ эстрадасын көтеріп, осындай жоғары деңгейге көтеріп кетті.
Батырхан Шүкенов өмірден өткенімен, оның орындауындағы әндер халықтың жүрегінде. Әншінің туған күнінде еліміздің қалаларында концерттер ұйымдастыру дәстүрге айналған. Биыл «Хабар» Агенттігі» «Батырдың әндерін бірге шырқаймыз» атты онлайн флешмоб ұйымдастырды.
Ерлан Бекхожин, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма Төрағасы:
- Бүгінгі күнді Батырдың рухына арнайық деп шештік. Жүрегіміздегі оның әндеріне деген құрметті көрсетейік, бәріміз білетін сүйікті әндерін бірге шырқайық деген ойдан туған бастама еді.
Флешмоб ұйымдастырушылары Қазақстанның әр түкпірінен шырқалған ән үзіктерін жинап, бейнеклип жасап, жарыққа шығармақ. Ол ғаламтор арқылы Батырханның әр тыңдаушысына жететіні сөзсіз. Осылайша музыка әлемінде өшпес із қалдырған әншінің өнеріне деген құрмет жалғаса бермек.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов