Алматыдағы блокбекеттерде тәртіп күшейтілді
Соның салдарынан тосқауыл бекеттерінде ұзын-сонар кептеліс пайда болды. Десе де, кезекті айналып өтіп, тәртіп бұзып жатқандары да жетерлік.
Гүлжан Көленқызы, тілші:
- 20-шы блокбекет қаланың батысындағы күре жолда орналасқан. Бұл жол қалаға ең көп көлік кіретін транспорттық дәліз саналады. Алматыда карантин тәртібі жеңілдетіліп, жұмыс орындары ашылғалы бері, блокбекеттерде автокөліктер сағаттап кептелісте тұруға мәжбүр.
Жүргізушілердің мұнша шыдамсыздық танытатын жөні де бар. Күн ыстықта көлікте отыру да оңай емес. Жай уақытта да кептелістен көз ашпаған «Алтын орда» базарының маңынан өту қазір тіпті қиын.
«Қалалық жедел штабтың мәлімет базасына енген көліктерді өткізу бар болғаны 20 секунд уақытты алады», –дейді полиция өкілдері. Кептеліс тудырып жатқандар – жұмысы болмаса да қалаға негізсіз кіргісі келетін азаматтар.
Жандос Мұратәлиев, Алматы қаласы әкімшілік полиция басқармасының басшысы:
- Кептелістің ең басты себебі «төтенше жағдай бітті» деп, «Алматыға келіп жұмысқа шығамыз» деген азаматтардан болып жатыр. Бұл – үлкен жол. Күніне 7-8 мың көлік кіріп шығады. Карантин бітіп шешілмейінше, білесіздер, кептеліс болады, мұны азаматтар түсінуі керек. Ең бастысы ауруды жеңіп, әрі қарай болдырму үшін ұйымдастырылып жатқан шараларды ұстану керек.
Көліктерден бөлек, қалаға кіруге асыққан жаяу жүргіншілер де көп. Олардың бірі ауруханаға бара жатса, бірі отбасылық жағдайымен қалаға кірмек ниетте. Бірақ мұнда да тәртіп қатаң. Тек тізімде барлар өткізілуде. Алайда мұндағылар арақашықтықты сақтауды ұмытқан.
Қаланың шығыс күре жолындағы 13-ші блокбекеттегі жағдай да осындай. Мұнда да тәртіп күшейтілген. Себебі жол ережесін бұзып, кептелістің алдын орап, қалаға кірмек болғандар көбеюде. Сондықтан бекетке қосымша тәртіп сақшылары қойылған. Енді ереже бұзғандар жауапқа тартылады.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Ерлан Шалбаев