Баянауылда коронавирус жұқтырудың алғашқы дерегі тіркелді
Вирус аудандық емхана қызметкері мен оның күйеуінен табылған. Қазір медициналық мекеме карантинге жабылып, науқастармен байланыста болған азаматтардың барлығы оқшауланды. Сол себепті санитарлық қызмет мамандары халықтан сақтық шараларын сақтауды сұрайды. Жағымды жаңалық та баршылық. Бүгінде індетке шалдыққандардың басым бөлігі емделіп шықты.
Павлодар қаласының тұрғыны Марина үш күн бойы үйінде емделіп көріпті. Кейін денсаулығы нашарлап, бүйрегі де сыр берген. Сондықтан провизорлық госпитальде ем қабылдаған. Кейін екі апта бойы үй карантинінде болыпты. Дегенмен ол ауруын жасырып отырған жоқ. «Жақындарымның қолдауы болмаса, дертті жеңе алмас едім», –дейді.
Марина, Павлодар қаласының тұрғыны:
- Дене қызуым түспей қойды. Жөтел қысып, мұрным бітеліп қалды. Иіс сезу қабілетімнен айырылдым. Оған қоса бүйрегім сыр бере бастады. Ем кезінде дәрігерлердің нұсқауын сақтадым. Мен өзім үшін емес, туыстарым мен қыздарым үшін қорықтым. Ауруға өзің шалдықпағанша, сенбейді екенсің.
Қауіпті вирус Баянауыл ауданына да жетті. Коронавирус инфекциясы жергілікті емхананың қызметкері мен оның күйеуінен табылып, 60 адам карантинге жабылды. Олардың тең жартысы – медицина қызметкері. Бүгінде туристік аймақта жаңа маусымға дайындық қызу. Осы демалыс науқанында ауданның демалыс орындарына «300 мың адам келеді» деген болжам бар. Вирустың таралып кетпеуі үшін кешенді жоспар әзірленген.
Қанат Кәрімов, Баянауыл ауданының әкімі:
- Қазақстан Республикасының Бас санитарлық дәрігерінің қаулысының 9-қосымшасына сәйкес, Баянауыл ауданының туристік аумағының барлық демалыс орнының басшыларымен кездесіп, хат жібердік. Сол қаулыға сәйкес туристік базалардың, демалыс үйлерінің қойылған талаптарын сақтауға ұсыныстар берілді.
Ақмарал Есімханова, тілші:
- Павлодар облысында коронавирус диагнозы расталған науқастың барлығы осы инфекциялық ауруханаға жатқызылады. Бүгінгі таңда емдеу мекемесінің жанынан госпиталь жұмысы жасақталған. Қазіргі уақытта бір топ білікті маман еңбек етуде. Олардың басым бөлігі екі ай бойы үздіксіз жұмыс істеп жатыр.
Пандемия кезінде аурумен күресуге жүздеген маман тартылды. Алдыңғы шепте аянбай еңбек етіп жүргендердің бірі –Александр Родителев. 35 жастағы дәрігер-реаниматолог екі ай бойы үздіксіз еңбек етіп жатыр. Туыс-туғандарымен телефон арқылы ғана сөйлеседі. Интенсивті терапия бөлімінде дәрігерлермен бірге 16 маман жұмыс істейді. Қазір дәрігерлердің қарауында жатқан үш науқастың да жағдайы ауыр.
Александр Родителев, инфекциялық госпитальдің анестезиолог-реаниматолог дәрігері:
- Павлодар облыстық Денсаулық сақтау басқармасының бас мамандарымен күнбе-күн онлайн байланысқа шығамыз. Интенсивті терапия бойынша мамандармен де тұрақты байланыстамыз. Ем-дом шаралары республикалық хаттамаға сәйкес жүргізіледі. Сонымен қатар әлемдік клиникалық талаптарды сақтаймыз.
Александр Родителев секілді дәрігерлердің табанды күресінің нәтижесінде Марина жақындары мен әріптестерінің ортасына оралды. Енді ол ел тұрғындарына сақтанып жүруге кеңес береді. Себебі ауру айтып келмейді.
Марина, Павлодар қаласының тұрғыны:
- Дәрігерлерге қолдау қажет. Жұмыстары тым ауыр. Оған көзіміз жетті. Мен жазылып, үйге келдім. Ал олар әлі ауруханада жұмыс істеп жатыр. Оларға күш-қуат тілеймін.
Бүгінде Ертіс өңірінің емдеу мекемелерінде алдыңғы шепте 2,5 мыңнан астам маман еңбек етуде. Абзал жандардың тілегі бір, ол – ел амандығы.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков, Алексей Омельницкий