151 мың маңғыстаулық оқушы үшін соңғы қоңырау соғылды
Расында, бұл қоңырау бұрынғыдан өзгерек болып тұр.
Маңғыстаулық 151 мың оқушы үшін соңғы қоңырау осылай соғылды. 1 мен 10-сынып оқушылары үйінде отырып, әлеуметтік желілер арқылы өткізілген сынып сағаттарына қатысты. Бұл шараға аймақтың танымал тұлғалары, үздік түлектері мен бизнес өкілдері де атсалысты.
Жалпы биыл өңірде 6365 оқушы мектеп бітіреді.
Ақтаудағы мамандандырылған физика-математикалық мектебінің 11-сынып оқушысы Әмина Дегениязова үшін карантиннің пайдасы көп болды. Таңнан кешке дейін үйінде отырып, Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалыпты. Болашақта жобалаушы инженер болғысы келетін ол физика мен математика пәндерін таңдаған. Онлайн сабақтардан өзге оқу әдістемелік құралдары арқылы да дайындығын пысықтауда.
Әмина Дегениязова, №11 мамандандырылған физика-математикалық мектебінің 11-сынып оқушысы:
- Қазақстан Үкіметі Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығының сайты арқылы бізге 70 тегін нұсқа беріп отыр. Бұл – ҰБТ-ға дайындалуға зор мүмкіншілік. Апайларыммен онлайн сабақтар арқылы тікелей жұмыс жасаймын. Сонымен бірге интернеттен өзім қосымша ізденемін. Сондықтан ҰБТ-ға қорқыныш жоқ.
Ал Нұрдәулет Құлшәріпов Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатыспайды. «Алтын белгіге» үміткер оқушы әлемнің 4 бірдей жоғары оқу орнының грантын жеңіп алған. Таңдауы отандық Назарбаев Университетіне түсіп отыр. Республикалық және халықаралық білім сайыстарында бірнеше мәрте топ жарған Нұрдәулет болашақта нейрохирург болғысы келеді.
Нұрдәулет Құлшәріпов, Білім-инновация лицейінің 11-сынып оқушысы:
- Биыл соңғы қоңырау, мектеп бітіру кештерін әлемді дүрліктірген пандемияға орай сыныптастарымызбен бірге тойлай алмайтын болдық. Бірақ оған еш өкініш жоқ. Бастысы – деніміздің саулығы мен басымыздың амандығы. Аманшылық болса, тойдың бәрі әлі алда деп ойлаймын. Қазір менің замандастарым үшін той емес, білім алып, елдің өркендеуіне үлес қосу маңызды болып тұр.
Ал мектеп бітіру шарасы онлайн емес, білім ордаларының ауласында, ашық ауада өткізілетін болды. Салтанатты шара 3-4 маусым күндеріне жоспарланып отыр. Аттестат мектеппен қоштасқалы отырған әр сыныпқа жеке-жеке табысталады. Түлектер биыл, өкінішке қарай, әдемі көйлектерін кие алмайды. Бітіру кешіне әдеттегі мектеп формасын киіп келеді. Перзентінің бұл қуанышына ата-аналарының қатысуына рұқсат берілді. Бірақ міндетті түрде бетперде тағып, қолғап киіп келулері тиіс.
Асқар Сейдалиев, облыстық Білім басқармасының басшысы:
- Белгіленген алдын ала кесте бойынша әр сынып бөлек-бөлек аттестаттарды алады, яғни бірінші «А» сыныбы, сосын «Ә» сыныбы деген сияқты. Әр шара 40 минуттан аспауы керек және әр сыныптың мерекелік шарасының арасында 20 минут үзіліс жарияланады. Сол 20 минуттың ішінде мектеп әкімшілігі дезинфекциялық жұмыстар өткізуі қажет.
Салтанатты шараға аниматорларды, мерекелік агенттіктерді, жеке студияларды тартуға, сондай-ақ көлік жалдау арқылы қала ішінде экскурсия өткізуге да рұқсат берілмейді. Сонымен қатар басқарма басшылары ата-аналар мен заңды өкілдерінен қаржы жинауға, мұғалімдер мен мектептерге сыйлықтар жасауға болмайтынын ескертеді.
Гүлмира Әбішева, тілші:
- Мектеп бітіру кештерін мейрамханаларда, теңіз жағасындағы демалыс орындарында тойлауға тыйым салынады. Бұл күндері арнайы рейдтік шаралар өткізіліп, қатаң бақылау жүргізіледі. Мұның бәрі, әрине, мектеп бітірушілердің қауіпсіздігі үшін.
Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев